Маңғыстау облыстық ауруханасының эндоскопист-дәрігерлері холедохолитиаз, механикалық сарғаю диагнозымен келген науқасқа сәтті ота жасады. Дәрігерлер эндоскопиялық жолмен науқастың өт жолында жинақталған үш тасты алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Операцияны эндоскопист-дәрігер Бауыржан Жоламанұлы, хирург-эндоскопист Роллан Серікұлы жасады. Сондай-ақ анестезиолог-дәрігер Жасталап Жанатұлы қатысты.Дәрігердің айтуынша, науқас біздің ауруханаға холедохолитиаз, механикалық сарғаю диагнозымен келіп түсті. Келгеннен кейін науқасқа консервативті ем қабылдау және толыққанды тексерулер жүргізілді.
«Бұл кісі бірнеше жыл бұрын деструктивті өт тас ауруына байланысты оперативті ем алған, операция жасалған. Бірнеше жылдан кейін науқастың өтінде тас түзілу дерегі анықталады. Соған байланысты хирургтармен бірге ақылдасып, соңғы малоинвазитті хирургия, ретроградтық холангиопанкреатография, эндоскопиялық папиллофинктеротомия, холедохолитолит экстракциясы операциясы жасадық. Операция өзінің қиындықтарымен жасалды. Бірақ өт жолындағы үш тас эндоскопиялық жолмен алынды», - дейді эндоскопист-дәрігер Бауыржан Жоламанұлы.
Бұл операцияның ерекшелігі – денеге тілік жасамай-ақ эндоскопиялық жолмен, яғни ауыз арқылы өңеш, асқазан, ішекке аппарат өткізу арқылы жасалады. Яғни, арнайы құрылғылар арқылы тастар алынады. Операциядан кейін науқаста реабилатациялық кезең өте тез жүреді, себебі денеге ешқандай да тілік салынбаған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА