Ақтауда мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік лига» Күз – 2021» ашық шағын футбол жарысы аяқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жартылай финалға 4 команда шығып, финалда бақтарын сынады. Үш аптаға созылған тартысты ойында 1-орынды Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті иеленді. 2-орын Бейнеу ауданы әкімдігіне бұйырса, жүлделі 3-орынды Маңғыстау ауданы әкімдігі қанжығасына байлады.
Сонымен қатар ойында «Үздік қақпашы» номинациясын Сұңғат Жүзболсын, «Үздік шабуылшы» номинациясын Нұрлыбек Исатаев, «Үздік ойыншы» номинациясын Жасұлан Боранов және «Үздік қорғаушы» номинациясын Азамат Алдерзин алды.
Жеңімпаздарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Мендалиев, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Қанат Жұмабаев және Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Болат Досов марапаттады.
Шағын футболдан жарысты ұйымдастырушы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы атынан Алғыс хат табысталды.