© Суретті түсірген Т. Құсайын
Жақында «Қошқар атадағы» улы қалдықтарды рекультивациялауға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Қаржы жыл соңына дейін игеріледі деп жоспарланып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Министрлік 20 қазан күні №01-12/3610-И хатпен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде, рекультивацияланған территорияда фонның артқаны анықталмағанын хабарлады. Сондай-ақ жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырғаннан кейін қалдық қойманың аумағын қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізетіндігін ескерткен еді. Осыған орай қаржы бөліп отыр», - деді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Оның айтуынша, қазір мердігер мекеме жұмысты бастап кетті. Биыл наурыз айында мердігер өз қаражаты есебінен, рекультивациялау жұмыстарын бастап, 100 га жерге 300 000 м3 топырақ төсеген.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген іссапарында «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіруді үш жыл ішінде аяқтауды тапсырған.
«2020 - 2025 жылдарға Қошқар-Ата қалдық қоймасы айналасында ауданы 150 га (ұзындығы 15 км ені 100-150 м) жасыл қорғаныш аймағын құру бойынша аймақты зерттеу және шығындарды есептеу» ғылыми зерттеу жұмысы жасақталды. Сметалық құжаттамада 150 га жасыл қорғаныш аймағына - 400 000 түп қара сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланған. Оның жалпы соммасы – 596,4 млн тенге», - дейді Дүйсен Құсбеков.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА