Елде алғаш рет «Ұлы Дала Жорығы» 1 200 шақырымдық марафон-бәйге өтіп жатыр. Екі күннің қорытындысы бойынша маңғыстаулық атбегілер 1-орын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстаудың командасында 10 ат және 5 шабандоз, яғни Батырбек Қамысбаев, Әбіш Етіреков, Руслан Дүйсембай, Ербол Ермағамбет, Нұрсағын Тұқымбай бар. Жетекшісі Исанбай Әбиұлы болса, командаға жауапты Алдаберген Ұзақбай бекітілген. Аттарды Аман Балтабай мен Бұғабай Мықырбаев баптаған.
Орынбасар Құлбековтың айтуынша, 18-29 қыркүйек аралығында шабандоздар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Екі күн ішінде қатысушылар Астанадан Қарағанды облысындағы Баршын ауылына дейін 200 км жүріп өтті.
"Алғашқы күні Оралдың атбегілері алға шыққан еді. Алайда маңғыстаулық жігіттер кеш шықса да, оралдықтардан озып, уақыт бойынша бірінші мәреге жетті. Бір ерекшелігі аттарымызды тексергенде, күш-қуатты болды. Жүрек соғысы 41, 46, 52, 58, 60 көрсетті. Бұл дегеніміз күшті көрсеткіш. Ал басқа өңірдің аттарына ветеринарлар емдік шараларды ұйымдастырды", - дейді Орынбасар Құлбеков.
Екі күннің жалпы нәтижесі бойынша 16 сағат 43 минутпен Маңғыстау облысының құрамасы 1-орын алып, тізгінді сақтап отыр. 2-орынға Жетісу жігіттері шықса, 3-орынға Ақтөбе командасы орналасты.
Жарыстан екінші күні Атырау, Павлодар және Ақмола облысының командалары шығып кетті.
Ал бүгін шабандоздар Қорғалжын ауылы маңындағы Бытығай қалашығынан аламан бәйгеге шықты. Жоспар бойынша 100 шақырымды еңсеріп, Шұбаркөл көмір алабына келеді.
Осылайша марафонға қатысушылар әрбір 100 шақырым сайын аялдап, Ұлы Дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады.
Марафон-бәйге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі қолдауы және «The Great Steppe Tour» Қоғамдық қоры мен «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Негізгі мақсаты - Қазақстанмен тікелей байланысты танымал бренд құру және ұлттық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге баулу, спорттағы шеберлік пен төзімділік құндылықтарын дарыту.
Шеберлік пен уақытты ұтымды пайдаланып, бас жүлдеге ие болған команда «Ұлы Дала Сарбазы» атағы мен 30 000 000 теңгемен марапатталады. 2 орын иегерлері 20 000 000 теңге және 3-орынға тұрақтанғандар 15 000 000 теңге жүлдемен марапатталады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА