“Жаңаөзенде наразылық білдірген жедел жәрдем жүргізушілері мен фельдшерлер жаппай жұмыстан кетті деген ақпарат жалған, дейді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров. Бұл туралы mangystaumedia.kz хабарлайды.
Оның айтуынша, сот шешімімен жұмыстан босатылған 11 қызметкерден басқасы жұмыстан шығарылған жоқ.
“Ешкім жұмыстан қуылған жоқ. Жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойыьған жоқ. Жаңаөзендегі жұмысшылар қазір 120 мың теңге жалақыларының үстіне 90 мың теңге қосымша ақы алып отыр. Өзге аудандармен салыстырғанда жұмыс күндері де аз. 1 күн, 1 түн шығып, 2 күн демалады. Олар сол 40 мыңды даулап жүргенде қаншама науқасқа, қалыпты жұмысқа зиян келуде. Егер осы салада жұмыс жасағысы келмесе, адамдардың тағдырларымен ойнамай басқа салаға ауысқандары жөн болар”, - деді басқарма басшысы сөз соңында.
Айта кетейік, осы жылдың қыркүйек айында жұмыс беруші наразылыққа шыққан жедел жәрдем қызметкерлерін сотқа беріп, сот шешімімен Жаңаөзенде - 11 адам жұмыстан шығарылған болатын. Ал Бейнеу ауданы мен Ақтау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері сот наразылықтарын заңсыз деп таныған соң жұмыс орындарына қайта оралды.