Жақында Yessenov University ғимаратында «Бизнестегі көшбасшы әйелдер» атты Тed Тalks форматында ашық диалог алаңы өтті. Ашық алаңда облысқа белгілі, бизнес саласында көш бастап жүрген Шолпан Түсіпбекова, Сәуле Салихова, Айгүл Исмаилова, Әлия Кенжетаева қыз-келіншектермен пікір алмасып, жетістік жолын айтты.
Алдымен Сәуле Салихова «Көшбасшы әйел қандай болу керек?» деген сұраққа өз өмірінен жауап берді. Оның айтуынша, көшбасшы болуға батылдық керек. Батыл жанның қадамы да нық. Сонымен қатар ол жетістікке жету үшін адам таңдай білудің маңызды екенін атап өтті.
«Көшбасшы оркестрдің дирижері секілді әртүрлі адамдарды басқарады. Ол әр аспапта ойнай алмаса да, оны ести білуі керек. Бұл – өте маңызды. Менің ұстанымым – маған жай мамандар ғана емес, үздік адамдар қажет. Әр басшы адамдарды дұрыс таңдап, дұрыс орналастыруы керек. Ең маңыздысы әйел кәсіби және өмірлік миссияның рөлін дұрыс бағамдай алса ғана жетістікке жетеді», - деді Сәуле Салихова.
Ол өз сөзінде адамның екі қасиетін бағалайтынын баса айтты. Бірі – талант, ал екіншісі – адалдық. Талантты жаратушы дарытады, ал адалдықты өзіміз өсіреміз. Адалдық пен сенім болған жерде ғана жетістік болатынын жеткізді.
Ал Шолпан Түсіпбекова «Қаржылық тәртіп» тақырыбында сөз қозғады. Оның айтуынша, бай адам қаржысы көп адам емес, жақсы ойы бар адам – бай.
«Өмірде ақша рөл ойнамайды, егер ақшаның тәртібін білмесеңіз. Сондықтан әрбір адамның жақсы, саналы ойлауы маңызды. Ойға жүйрік болсаңыз, өздігінен ақша келеді. Барлық адам жақсы табыс табады, бірақ оны сақтап, көбейтуді білмейді. Адам ақшаға емес, ақша адамға жұмыс істеуі», - керек дейді Ш. Түсіпбекова.
Жастарды арманға сеніп, алға жылжуы үшін Айгуль Исмаилова «Арманға сен» тақырыбы бойынша тәжірибесімен бөлісті. Ол білім саласы бойынша көптеген шетелде тәжірибе жинақтаған. Қазір тәжірибе мен білімді арман жолында сарп етуде.
«Кез келген бастаманың сапасы жоғары болғаны жөн. Сапа – сеніммен егіз. Сенім – білім. Осы екеуі сенің басты құралың болса, жетістікке жетіп, қаржылай тәуелсіз атанасыз», деді Айгүл Исмаилова.
Маңғыстаудың сән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар Әлия Кенжетаева арманға жету, бренд қалыптастыру ешқашан кеш емес екенін айтады. Өзін танып, жұмыс істеу, жүрек үнін тыңдау – арманға жетелейді. Дәл осы жүректің қалауынан кейінгі қадам Әлия Тұман брендін қалыптастырды. Ашық алаңның кейіпкері Әлия «Бизнеске батыл қадам» тақырыбында өз жолын қалай қалыптастырғаны туралы айтты.
Шара соңында тыңдармандар қызықтырған сауалдарына жауап алды. Ал көшбасшы әйелдер белсенді болған жастарға сыйлық табыстады.
Ж. ҚАЛИЕВА