Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енген арқарды атқан браконьерлер ұсталды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
29 қараша күні «Қызылсай» табиғи паркінің инспекторлары «Жабайұшқан» мемлекеттік табиғи паркінің басшысы Жұлдызбек Есенғалиевтің жетекшілігімен рейд өткізді. Нәтижесінде Бөрібас асуында «Nissan Patrol» автокөлігін байқаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мемлекеттік инспекторлар көлікті тексеріп, одан Қызыл кітапқа енген арқардың өлексесі тапты.
- Жүк салғышта бұдан басқа 11 оқпен 7,62 калибрлі Вепр-307 аңшылық карабині, 26 оқпен 12 калибрлі Франчи тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, сонымен қатар екі аңшылық пышағы болған. Браконьерлік жасады деген күдікке ілінген азамат Жаңаөзен қаласының тұрғыны болып шықты, - деді Жұлдызбек Есенғалиев.
Бұл дерек Маңғыстау аудандық полиция бөлімінде тіркелді.
- Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ тыйым салынған жануарларға қатысты заңсыз аң аулау, оның ішінде атыс қаруын, көлік құралдарын пайдалана отырып жасау) бойынша тергеу жүріп жатыр) – деді Маңғыстау аудандық ПБ.
Мемлекеттік инспекторлар арқардың табиғатты қорғау ұйымдарында қорғалатынын және Қызыл кітапқа енгізілгенін еске салды.