Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы инвестициялар және туризмды дамыту басқармасының басшысы Венера Мұстапаева мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Биыл 9 ай бойынша облыстағы өнеркәсіптік орындар барлығы 1,9 трлн. теңгеге өнім өндірді. Өңірдің өнеркәсіп құрылымына сәйкес 87,8% тау-кен өнеркәсіптік үлеске, 6,7% өңдеу өнеркәсібіне, 4,8% электрмен жабдықтау, газ, бу беру, ауа баптауға және 0,7% сумен жабдықтау құрамына тиесілі», - деді Венера Мұстапаева.
Сондай-ақ, спикер өңірдегі инвестициялық жобаларға да тоқталып өтті. Жыл басынан бері облыста негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көрсеткіші 416,8 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5%-ға артық. Инвестициялық құрылымның 55,1 пайызы өнеркәсіптік жобаларға жатады.
Айта кетейік, биыл өңірде туризм саласында 190 млрд. теңгеге 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде шілде айында «Тақырыптық ойын-сауық паркі» жобасы іске қосылды. 2021 жылдың I жартыжылдығының қорытындысына сәйкес, аймақтағы туристер саны 139 мың адамды құрады. Алдағы уақытта жергілікті компаниялардың қатысуымен қосымша 8 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.