©
Спорттан кеткеніне бірнеше жыл өтсе де елдің жадында есімі сақталған спортшылардың бірегейі - ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ердос Жаңабергенов. Ол бокстан 2005 жылғы Әлем чемпионы, 2005 жылғы Азия чемпионы, 2005 жылғы Әлем Кубогінің жүлдегері атанды. Ердос Жаңабергенов қазір қайда, немен айналысып жүр? Сұқбатымызды оқи отырыңыз.
- Ердос Жаңабергенов қазір қайда жүр?
- Қазіргі таңда Маңғыстау бокс клубының директоры болып жұмыс атқарып жүрмін. Соңымнан өсіп келе жатқан ізбасарларыма және ұстаздарыма барынша көмегімді көрсетіп келемін.
- Боксқа қалай және неше жасыңызда келдіңіз?- Боксқа 8 жасымда келдім. Кішкентай кезімде ағам, яғни әкемнің ең кенже інісі мені боксқа бағыттады. Әрине, біреуді ұрып-соқсын деп емес, қорғана білсін деді. Кейін қаларалық, ауданаралық кішігірім жарыстарда жеңіске жетіп, боксқа деген қызығушылық арта түсті. Одан да жоғары көтерілуді мақсат тұтып бокспен тұрақты айналысып кеттім.
- Спорттан кетуіңізге тек денсаулығыңыз себеп болды ма?- Иә, спорттан кетуіме тек денсаулығым ғана себеп болды. Денсаулығым жақсы болып тұрғанда бүгінгі күнге дейін бокстасатын едім.
Әр спортшының арманы – Олимпиада шыңына көтерілу. 2008 жылы олимпиада шыңына көтерілем бе деп ниеттенгенімде, денсаулығым сыр берді. Сол кезде екі омыртқаның арасындағы сіңір желініп кетіп, отаға түсіп, аман қалғанмын. Енді бірде омыртқаның арасында ет жыртылып тағы да ота жасалды. Осы екі отадан соң спортқа деген барлық талпынысыма шектеу қойдым. Алла Тағала берген жеңісіне шүкіршілік еттім.
- Неге бапкер болмадыңыз?- Ұстаз болудың жолы өте ауыр. Бапкер болғым келді, бірақ өзім спортшы ретінде бапкердің жұмысының қиын екенін көрдім. Мен боксшы ретінде қиналған болсам, бапкер бір емес, он шәкірті үшін де жаны ауырады.
2007-2008 жылдары Бокс федерациясының президенті Мақсұтхан Аблазимов ағамыз болды. Ол Маңғыстау облысы ІІД-де басшылық етті. «Маған спортшылар керек», - деп ішкі істер саласына шақырды. Неге бармасқа деп ойладым. Ішкі істер органында 7,5 жылдай жұмыс жасаппын. Әркімнің өмір жолы, көзқарасы әртүрлі ғой, жұмыста көреалмаушылық та болды. Шүкір деймін, қазір спортты дамытуды көздеп келемін.
- Баланы боксқа неше жастан бастап берген жөн?- Баланы кішкентай кезінен патриоттыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеу керек. «Мен қазақпын» деп жігерлендіру керек. Баланы спорттан өзге қызықтыратын нәрсе көп қой. Бұрын ғаламтор, ұялы телефон деген болмаған еді. Теледидар дегенді көрсек көреміз, болмаса уақытымыздың көп бөлігін спортқа арнайтынбыз. Қазіргі таңда спортпен шұғылдануға зор мүмкіндік бар. Бірақ спорт саласындағы мүмкіндіктің бәрін қазіргі балаларға түсіну қиындау секілді. Менің ойымша, ол ата-анаға, өсіп жатқан ортасына да байланысты. Ата-ана баланы спортқа баулып, қызықтыра білу керек.
Ал боксқа келсек, баланы 10-11 жастан берген дұрыс деп ойлаймын. Себебі одан ерте жарыстар болмайды.
- Қазіргі жасөспірім боксшыларға қандай ақыл-кеңес бересіз немесе қандай тәжірибеңізбен бөлісесіз? Нағыз боксшы болу үшін спортшыға не керек?
- Бөлісерім көп. Барлық нәрсеге үлгеруге болады. Біреулер спорт жолын қуса, біреулер оқимын дейді. Оқып жүріп те спортпен шұғылдануға болады. Бүгінгі бітіретін шаруаны ертеңге қалдырмауға тырысқан жөн. Сабақ дайындауға көп уақыт кетпейді. Үлгеремін дейтін бала жаттығуға да, ойнауға да үлгереді. Ең бастысы алдына мақсат қоя білген абзал. Нағыз спортшы болу үшін ең бірінші – сапалы, нәтижелі еңбектене білу керек.
Қазір жаттығу залынан шыққан балалар үйге ойнап күліп қайтады. Бұрын өзімнің жаттығудан соң киімімді ауыстыруға шамам жетпейтін. Шаршағанша жаттығатынбыз. Үлкен дәрежеге жеткендігім жаттығудың арқасы деп білемін. Жасөспірімдер осындай тәсілмен жұмыс жасаса чемпион болады деп ойлаймын.
Оған қоса, өзім спортшы болған кезімде аскорбин қышқылы, ребоксин және дуовит сынды дәрумендерді ғана беретін. Қазіргі таңда дәрумендердің түрі көп.
- Нокдаун немесе нокаут алған кезіңіз болды ма? Қарсыластарыңызды неше рет накаутқа түсірдіңіз?
- Нокдаун да, нокаут та алған емеспін. Жарысқа шыққан кезде үнемі мұқият бокстасатынмын. Жекпе-жек алдында ойша рингте жүргендей бокстасатынмын. Көз алдыма елестетемін. Қарсыласым кім? Шынымен бокстасып жатқан секілді күйге түсемін. Бұл тәсілді 12 жасымнан бастап қолдана бастадым. Жалпы, қарсыласымның 70-75 пайызы менен нокдаун, нокаут алып ұтылды. Бокстасу тәсілім - тек 1-2 раунд қана жұдырықтасып, үшінші раундқа жетпей боксты аяқтау.
- Облыстық бокс федерациясы туралы айтып өтсеңіз. Олардың қандай артықшылығы немесе кемшілігі бар? Боксшыларға қандай жағдай жасалуда?
- Маңғыстау облыстық спорт басқармасының, бокс мектебінің, бокс клубының арқасында бүкіл оқушыларымызға, бапкерлерге жағдай жасалып жатыр. Ал облыстық бокс федерациясынан екі жылдан асты, бірде-бір бапкер жалақы алмады. Алдағы уақытта шешіледі деген сенімдеміз.
Маңғыстау – мұнайлы ел дегенімізбен, балаларға арналған жүгіру алаңы мен тегін бассейн жоқ. 400 метрлік жүгіру алаңы бүкіл спортқа қажет. Мәселен, өзге облыстарда жүгіру алаңы, тегін бассейндер бар. Бокс үйірмесіне қатысу үшін көптеген бала ағайынының үйіне келіп оқиды. Яғни жатақханалар қажет. Сондай-ақ Ақшұқыр елдімекенінде бокс залы жоқ. Бір-екі жылдықта бокс залын ашамыз деген арманымыз бар. Демеушілердің арқасында тек бокс қана емес, спорттың барлық түрі дамиды деп ойлаймын. Мәселен, ата-аналардың қалтасынан ешқандай қаражат шықпасын деп, балаларды таңертең және кешке екі автобуспен бокс мектебіне әкеліп, апару мүмкіндігін қарастырдық.
- Сіздің қолыңыздан не келді және не келмеді? Өмірде өз орныңызды тапқан адамсыз ба?
- Барлығына шүкір деймін. Бүгін бітпеген шаруамды ертеңіне бітіруге тырысамын. Мен үшін бітпейді деген шаруа, болмайды деген зат жоқ. Бәрін орындауға тырысып бағудамын. Ал өмірде өз орнымды тапқан адаммын.
- Сізді сыртыңыздан жұмсақ мінезді деп естіп жатамыз. Бокс пен мінезіңіз үйлеседі ме?
- Әркімге әрқалай, ішкі істер органы адамды өзгертеді ғой. Жекпе-жекке шыққанда өзімді-өзім жігерлендіріп, мінезімді өзгертемін. Жұртпен араласқанда, қызметте болсын біреуге қатты сөйлеп қоймауға тырысамын. Қатты сөйлегенде де адамға сабақ болсын, келесіде ондай жағдай қайталанбасын деп айтамын.
- Ең алғашқы жеңісіз есіңізде ме?
- Әрине, алғашқы жеңісім есімде. Мен Қазақстанда емес, Өзбекстанның Қарақалпақстан деген автономиялық республикасында туып өскенмін. Боксқа ерте бардым. Жаттығу кезінде өзімнен екі жас үлкен балалармен жұдырықтасып, қызбалыққа салынып кететінмін. Содан мені бапкерлер өзімнен екі-үш жас үлкендермен бокстастырды, нәтижесінде қаларалық турнирде чемпион атанғанмын. Міне, менің алғашқы жеңісім - осы. Ол - мен үшін естен кетпейтін сәт.
- Бокстан басқа тағы қандай қырыңыз бар?- Бокстан өзге еш қырым жоқ. Мысалға іссапарларға барғанда достарымыз ән айтады. Мен тіпті ән айтуға да қызыққан емеспін.
- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Ұлдарыңызды болашақта боксқа бересіз бе?
- Екі ұл, екі қызым бар. Үлкен ұлым 7 жаста. Өзім спортқа қалай келген болсам, ұлымды да солай бергім келеді. Ол бір жылдан бері дзюдоға барып жүр. Кеше ғана сары белбеу алды. Қызым гимнастикаға барады. Бәрін спортқа беруге тырысып жүрмін. Себебі спорт - баланың өсіп-жетілуіне қажет дүние.
- Әңгімеңізге көп рақмет!Сұқбаттасқан Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63110,63109"]