©
«Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті». Ол елдің абыройы сынға түскен талай сәтте жүректілік танытты. Бүкіл әлем алдында қазақ ұлына тән қайсарлық пен ерлікті де көрсетті. Оны білетін бокс жанкүйерлері қазақты оның ұстамдылығы, табандылығы мен биязы мінезі арқылы елестетті. Шаршы алаңда шыңдалып, шыңға шыққан маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетовпен аз-кем әңгімелескенбіз, оқи отырыңыз.
- Қазір немен айналысып жүрсіз? Қандай жарысқа дайындалып жатырсыз?
- Осы жылғы ірі жарыс – Индонезия елінде өтетін Азияда ойындары еді. Дегенмен бұл жарыста бокстан ересектер арасында 81, 91, ең ауыр салмақ дәрежелерін алып тастапты. Себебін білмеймін. Бұл хабарды естіген соң дайындықты тоқтатып, демалыс алдық. Дегенмен физикалық формамызды сақтап, жаттығуларымызды жалғастырып жүрміз. Енді жылдың соңында Қазақстан біріншілігі, Қазақстан кубогы болады. Соған дайындыққа кірісеміз, әзірше осы.
- Токио олимпиадасында халық сізге жанкүйер бола ала ма?
- Бұйырғанын көреміз, 2020 жылға дейін кім бар, кім жоқ?! Нақты жауабымды осы жылдың аяғында айтармын. Қазір білмей жатырмын, аздап белімнің ауыратыны бар, сондықтан денсаулығыма да алаңдаймын.
- Әдетте спортшылар карьерасын аяқтаған соң бапкерлікпен айналысып жатады. Сізде ондай жоспар жоқ па?
- Оныңыз рас. Бірақ шәкірт тәрбиелеуді ойлап жүрген жоқпын. Бір жағы шаршағаным болар, бір жағы өзімнің басқадай мақсаттарым бар дегендей. Басқа салаға кетуім мүмкін, дегенмен бапкер болмаймын. Алдымен боксты аяқтаймын ба, жоқ па, сол мәселені бір жақты етіп алайын.
- Бокстан басқа қандай нәрсеге уақыт бөлесіз? Қандай қызығушылығыңыз бар? Мәселен, тіл үйрену дегендей...
- Әрине, уақыт бөлуге тырысамын. Уақытым бар кезде ағылшын тілі сабақтарына қатысамын. Күніне 1-2 сөз болса да жаттап тұруды әдетке айналдырдым. Сондай-ақ бокстан бөлек басқа спорт түрлерін де ұнатамын, футбол ойнағанды ерекше жақсы көремін. Достарымызбен күнде футбол ойнасақ та жалықпаймыз. Кешкісін жаттығудан соң алаңға доп тебуге барамыз. Одан бөлек таңнан кешке дейін үйдің шаруалары бар, отбасыма көмектесемін. Жасымыз болса 30-ға таяп қалды. Сондықтан пайдалы дүниелермен айналысуға тырысамыз.
-«Әділбек бокстасқан кезде мінез көрсетпейді» деген пікірді оқыдым. Мұнымен келісесіз бе?
- Иә, жалпы көпшілік «өз-өзін ұстап бокстасады» деп айтып жатады. Мұның жақсы жағы да бар. Мысалы, рингке шыққан кезде спортышылар тек бокстасу емес, бір-бірін алдауы мүмкін, бір-бірінің қателіктерін қалт жібермеуі керек. Менің қарсыласым мені шамдандырып, әдейі қарсыласпай, қашып жүруі мүмкін. Мұндайда ашуланып, жұдырықтасамын деп оны қуалағаннан түк пайда жоқ. Боксшы рингте өз-өзін ұстап, сабыр сақтауы, салқынқанды болуы керек. Өзім де соны қолданамын. Сондықтан мінез көрсетпеудің еш кедергісі жоқ дер едім.
- «Спортшылар чемпион болғаннан кейін жарты жылдан соң ұмытыла бастайды. Біз де солай ұмытыламыз-ау деген өкініш болады» депсіз бірде. Назардан тыс қалып қоюдан қорқасыз ба?
- Жоқ. Шынымды айтсам, тасада қалып қоямын-ау, халыққа көрінбей кетемін-ау деген ой жоқ. Менің мақсатым – халыққа қызмет ету, жұмыс істеу. Ата-анамыз, жақындарымыз бен достарымыздың аман болуы, араласып-құраласып жүру. Оған жететін ештеңе жоқ. Ұмытылатын нәрсе түбінде ұмыт болады. Уақыт деген келеді, кетеді, өтеді. Уақытты кері айналдыра алмайсың. Сондықтан алға қарап өмір сүру керек.
- Күнделікті бірнәрсенің қайталануын, бірсарындылықты болдырмас үшін қандай өзгеріс жасайсыз?
- Ондай қатты өзгеріс болмаса, отбасымызбен басқа қалаға қыдырып қайтуымыз, қала сыртына шығып балық аулап, демалып келуіміз мүмкін. Бүгінге дейін өмірімнің басым бөлігін боксқа арнадым. Қазір енді кішкене бос уақытымыз бар, күнделікті жаттығу жиынына бармаймыз. Ата-анамның, отбасымның жанында көбірек болып, өз шаруаларыммен айналысып жүрген жайым бар. Қазір күнделікті бір нәрсе қайталана беретін деңгейге жеткен жоқпын. Жеткізбеймін деп те ойлаймын.
[caption id="attachment_59536" align="alignnone" width="1024"] Әділбек Ниязымбетов және Ердос Жаңабергенов[/caption]- Денис Теннің қазасы бүкіл Қазақстанның, тіпті әлемнің қабырғасын қайыстырып кетті деуге болады. Бұдан кейін спортшылардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғала бастады. Тіпті, Серік Сапиев арнайы күзет қажет деген ұсынысты да айтты. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Әділбекке оққағар керек пе?
- Серік ағамыздың ойымен келісемін. Өйткені өзім де кешкісін қалада жүргенде, достарымызбен бас қосқанда соған ұқсас жағдайлар болып жатады. Әдейі тиісетін жандар болады. Түрлі адам бар, оған да көнесің. Мысалы, сенің ол кісіде жұмысың жоқ, жанынан өтіп бара жатсаң, саған өзі келіп тиісетін кездер болады.
- Ондайда не істейсіз?
- Сіздікі дұрыс деп, қарсыласпай, қол алысып өтіп кетуге тырысамын. Ал жалпы жаныңда күзетің не достарың болмаса, ол адам міндетті түрде саған тиіседі. Боксшы екеніңді біледі де өзінен-өзі ашуланады. Оның артынша қол жұмсап қоюы мүмкін. Спортшының қаншама жылдап жинаған абыройын бір-ақ сәтте төге салуы мүмкін. Сол себепті танымал адамдардың жанында 1-2 күзетшіден жүрсе, артық етпейді деп ойлаймын.
- Яғни бұл елімізде спортшыларға қандай да бір қауіп бар дегенге саяды ғой?
- Иә, әрине. Қазір біреу бір дәрежеге жетіп, аты шықса, ол адамды көреалмаушылар да табылады. Әртүрлі адам бар, сондықтан әр нәрсені күтуге болады.
- Адам бойындағы қандай қасиеттерді ұнатпайсыз?
- Негізі адамның ең жағымсыз қасиеті – өркөкіректік, менмендік. Бұл қасиеттер адамды бұзады. Байқайсың, өз-өзін көтеріп алып, «бірінші ол амандассын», «мен бармаймын, бірінші жаныма өзі келсін» деген пікірдегі замандастарымыз кездеседі. Адамға ең бірінші қарапайымдылық, сабырлылық қажет. Солай жүрсе, адам көп өмір сүреді. Жасыратыны жоқ, бүгінде жігіттеріміздің өзі өсек айтуға, жалған сөйлеуге бейім болып кеткен. Алып-қашпа әңгіме көп айтады. Жігіттерге жараспайтын дүние болғандықтан, олар өз жолдарын біліп, көп тыңдап, аз сөйлесе деймін. Сонда бәрі жақсы болады.
- Өзіңізді іштей болса да биік санап, масаттанған кезіңіз болды ма? Мәселен, жүлде алған сәттеріңізде...
- Ондай көкірек көтеру, мақтанып кету деген қасиет менде болмапты. Жақындарым, мені танитындар жақсы біледі. Ондай болмағаным да жақсы шығар. «Мен чемпионмын» деп масайрау болған жоқ, себебі, өзіңіз білесіз, барлық жерде екінші орын алып жүрмін. Осыдан төрт жыл бұрын Азия ойындарында ғана 1 орын алдым. Бірақ ол кезде тек боксты әрі қарай жалғастыру деген мақсатпен жүрдім. Үлкен додаларда 2-сатыдан көрініп жүрген соң, керісінше, іштей намыстанамын, «Неге 1 орын алмадым? Неге чемпион болмадым?» деген ойлар мазалайтын. Бұл – өмір, әрнәрсенің себебі бар. «Әттеген-ай» болады...
- Мүмкін үшінші олимпиадада жолыңыз болар... Неге тәуекел жасамасқа?
- Бәрі де мүмкін. Бір Алла біледі. Көреміз, әлі нақты шешімге келген жоқпын.
- Сіздің салмағыңызда (81 келі) елімізде тағы кімдер өнер көрсетіп жүр?
- Жас боксшылар бар. Маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетов деген ініміз, Түркістан қаласынан Бек Нұрмағамбетов, Қостанайдан Михайл Коханчик есімді спортшыларымыз бар. Бұл жігіттер біздің ізімізді енді басып келе жатыр. Жастар арасында жүлде алып жүргенімен, ересектер арасында жетістікке жете қойған жоқ. Дегенмен алдағы уақытта олар да бағындырады деп ойлаймын.
- М.Тазабековтің «Өтімді жігіттің үйленбей жүргенінің өзі - қыздарға проблема» дегені бар. Қыздарды проблемадан қашан құтқарасыз?
- Көреміз. Уақытын айтпай-ақ қояйыншы (күліп).. Бір жолы айтамын деп...
- Иә, есімізде, Рио олимпиадасынан кейін берген сұхбатыңызда отбасы құратын уақытыңызды айтқансыз.
- Иә. Бірақ ол кезде түсінбеушілік болды. Сұхбат алған ағамыз да сұрақты дұрыс қоймаған болуы керек. Сонымен халыққа нақты үйленеді деген ақпар болып айтылып қалды. Енді қазір айтудан қорқамын (күліп).
- Сізді ішкі істер органында қызмет етеді деп естідік. Ол қандай қызмет?
- Күнделікті жаттығуымызды қалдырмаймыз, дегенмен арасында уақыт тауып жұмысқа да үлгереміз. Қызметкерлердің физикалық дайындығына жауаптымыз.
- Жалпы қанша мамандығыңыз бар?
- Осы спорт саласы және заңгер мамандығын оқығанмын.
- Заңгер болып қызмет ету ойыңызда бар ма?
- Бұған дейін бұл қызметпен айналысып көрмедім. Бірақ болашақта ойымда бар.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА