Қазіргі таңда аудан атырабында спорт деңгейі де қарқынды дамып келеді. Жастардың бұл тұрғыда еңбектері ерекше. Осы орайда абыройдың ақ туын аспанға желбіретіп жүрген спортшыларымыздың бапкерлерінің ұйқысыз түндерін айтпай өтпеске болмас.
Солардың бірі — Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында 1993 жылы дүниеге келген Нұржан Айдынғалиев мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ спортқа жаны құмар болып өсті. Он жасынан бастап өзінен үлкен ағасына еріп күрес залында жаттыққан ол барлық бос уақытын спортпен шұғылдануға арнайды. Спортты жанына серік еткен Нұржан мектеп бітірген соң Қазақ-түрік университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Бүгінде ол С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың жанынан ашылған спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтырушы болып қызмет атқарады.
Жеңіске жету жолында ол тынымсыз еңбек етті. Ерте тұрып, шәкірттерінің барлығын мектеп стадионына жинап, арнайы жаттығулар жасататын. Жан жылуын, бойындағы бар асыл қасиетін шәкірттерінің бойына сіңіріп, елнамысын қорғайтын мықты спортшы дайындау оның алға қойған мақсаты. Соның нәтижесі болар, шәкірттері де талай байрақты бәсекелерде аудан намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Нұржандай бапкерден тәлім алған жеткіншектер Қаспаев Жалғас, Төлегенов Дәурен, Абуов Жандос, Сайлаубаев Айбек, Өтесов Диас, Нәдірбай Ернар, Көмеков Қуанышбек бүгінде халықаралық жарыстарда, ел чемпионаттарында топ жарып, тұғырдың ең жоғарғы сатысынан көрініп жүр. Бапкерлікке жаңадан қадам басқан ұстаз үшін мұның өзі үлкен жетістік.
«Жұмысым өзіме өте қатты ұнайды. Баптап жүрген балаларға тек оқушы ретінде қарамай, дос есебінде жаныма жақын тартамын. Әрқайсысының ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысамын. Себебі чемпионды дайындау үшін оны бес саусағыңдай білу керексің. Халқымызда «Ұстаздан шәкірт озса игі» дейді. Жарыстарға үкілеп апарған шәкірттерім үздіктер қатарынан көрініп жүрсе, маған тәлім берген ұстаздар еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан да облыста спорттың дамуына сүбелі үлес қосып, спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп жүрген жанашыр ағаларыма, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына алғысымды білдіремін», – дейді бапкер.
Ұжымдастары Нұржанды салмақты, жауапты, бірсөзді жігіт ретінде таниды. Жасөспірімдердің спортпен дұрыс айналысуына, жоғары нәтижеден көрінуін көздеген оның мақсаты орындалып келе жатыр. Қазіргі таңда ауданымыздағы ең үздік спорт мектептердің бірінде өзінің беделін емес, шәкірттерінің, ауданның абыройын алға қойған Нұржанды мерекесімен құттықтап, жұмысына табыс тілейміз.
А.АХТАШОВА