Спортпен айналысып, қала спортын дамытуға үлкен үлесі бар ардагер спортшылар, бапкерлер, жаттықтырушылар, үлкенді-кішілі спорт саласының үздіктері кәсіби мерекесі қарсаңында қошеметке ие болды. Олардың құрметіне «Нұр отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалында қабылдау өтіп, марапаттар табысталды. Шараға қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев пен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Алиев қатысты.
- Қазақстан әлемдегі озық спорт елдерінің қатарына еркін қосылып отырған мемлекет. Қаламызда да спорт пен дене тәрбиесінің дамуы оң жолға қойылған. Спортпен айналысушылар саны көбейіп, бүгінгі таңда 30 мыңның үстіне шықты. Кәсіпорындар мен ұйымдар, мекемелер мен оқу орындарындағы дене шынықтыру ұжымдарының саны едәуір өсуде. Күш пен қайраты, шыдамдылығы мен батылдығы, шеберлігі арқасында әлемдік, халықаралық, облыстық жарыстарда топ жарып, елдің, қаламыздың атын шығарып жүрген споршыларымызды әрдайым мақтан етеміз, - деді И.Сағынбаев.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары салауатты өмір салтын қалыптастыру және қала спортын дамыту мақсатында алдағы уақытта 2 жасанды төсенетін спорт алаңы, 10 STREET WORKOUT алаңшасын пайдалануға берілетінін айтып өтті. Қызылсай ауылындағы Сүгір Бегендікұлы атындағы №4 орта мектептің төменгі қабаты спортзал ретінде жөндеуден өтіп, күрес спорты болатынын жеткізді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында дене шынықтыру, сауықтыру шаралары артып жатқанын да тілге тиек етті. Соның ішінде, биыл сәуір айында ауқымды велошеру сайысы өткізіліп, 200-ден аса адам қатысқанын мысал ретінде келтірді.
Қабылдау марапаттау шарасына ұласты. Маңғыстау облысы әкімдігінің Алғыс хаты спорт ардагері ауыр атлетші Әділмағанбет Жаңбыровқа, үстел теннисінің жаттық- тырушысы Нұраддин Иманғалиевке, №1 БЖСМ киокушинкай каратэ жаттықтырушысы Мұрат Жәумітбаевқа, ММА спортшы Бекнияз Қошбаевқа табысталды.
Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін оқытушы-жаттықтырушылар Лаура Айтжанова (каратэ-до), Наурыз Қалдыбай (жеңіл атлетика), Батырбек Жайлыбаев (бокс), Мирас Шамов (каратэ-до) Жаңаөзен қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ал, ерекше марапат, яғни ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі жоғары сапалы оқу- жаттығу процесін қамтамасыз еткен №2 БЖСМ еркін күрес жаттықтырушысы, спорт саласындағы еңбек өтілі 29 жыл Асхат Сегізбаевқа, Оқушылар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогы Нұрнияз Қошбаевқа, панкратион және жекпе-жектен 2018 жылғы ҚР жеңімпазы Меңдігерей Мұхаммадтың жаттықтырушысы Асылбек Исмағамбетовке тапсырылды.
Кезек облыстық, қалалық спорт басқармасының құт- тықтауына жалғасып, қалалық спорт бөлімінің басшысы Мұрат Алиев үздіктерді өзі марапаттады. Облыстық Алғыс хат Меңдігерей Мұхаммад, Асылбек Исмағамбетов, Мерей Марханбетов, Олжас Алтынбек, Жандос Байболсынов, Асхат Сегізбаев, Нұржан Еділов, Алдаберген Дүйсекенов, Сүндет Әбдіхалықов, Нұрғазы Өткелбаевқа берілсе, қалалық спорт бөлімінің Алғыс хаты Нұрлан Омар, Әлихан Сәрсенов, Нұрасыл Муса, Олжас Алтынбек, Рахат Тілегенов, Нарұл Шакиров, Ақжол Қосыбаев, Нұрболат Қазмұханов, Жолдас Кенжебай, Құралбек Сейтов, Арман Сұлтанбаев, Иманғали Аманғали, Өмір Дүзелбаев, Асхат Өтесбаев, Төребек Лепесов, Нұрәділ Қойлыбаев, Қуаныш Жауынбаев, Дәурен Аманов, Жанболат Баян, Бекнұр Тілеужанов, Садуақас Салаватов, Таңатар Хамитов, Бауыржан Жидебаев, Мақсұт Наурызға табысталды.
Марапатталушылар естелік фотоға түсіп, «Байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер» деген риясыз тілектерді тыңдады.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА