Қолда бардың қадірін біліп, бірінші байлығымыз денсаулығымызды бағалап, ештеңеден қаймықпай, спортты шынайы сүйетін азаматтардың бір шоғыры - Жаңаөзен қаласының «Алға» спорт клубының мүшелері.
«Алға» спорт клубының негізін Амантұрлы Қылышбаев 1990 жылы қалаған. Қазақстанның өзге қалаларының біріне барған сапарында Амантұрлы аға өзі сияқты аяғынан айырылған азаматтардың отырып, волейбол ойнап жүргендігін көреді. Осы көрініс, санасында біздің қаламызда да спорт клубын ашу қажет деген идеяның өмірге келуіне түрткі болады.
Осылай өмірге келген «Алға» клубы отыз жылға жуық уақыт жұмыс жасап, қоғамда мүмкіндігі шектеулі деп аталған азаматтар тобына жаңаша мүмкіндіктер сыйлап, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтауға жол ашады. 2016 жылдың күз айына дейін ешқандай спортзал болмай, әр жерде жаттығып жүрген клуб мүшелері үшін сол жылдың 28 желтоқсанында спорт зал мәселесі сәтті шешіледі. Осылай, спорт залдың берілуі клуб мүшелерінің шектеусіз дайындығына мүмкіндік тудырды.
Бүгінгі таңда клубқа 100-ге жуық адам келеді, белсенді 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтан құралған, атап айтар болсақ, Амантұрлы Қылышбаев, Бекнұр Бисенов, Мұрат Оңайбаев, Бақтықожа Орысбаев, Ержан Оңайев, Асылбек Сейдов секілді т.б. спортшылардан тұратын волейбол командасы бар. Клуб мүшелері волейбол ойнынан басқа, штанга көтеру, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен жаттығуда. Кез-келген мүмкіндігі шектеулі азамат көңілі қалаған уақытта спорт залға келіп, шыныға алады екен.
Қазіргі таңда клубқа Құралбек Сейдов деген азамат төрағалық етеді. Мектептегі жылдарда күреспен шұғылданған Құралбек кәсіби түрде бокспен айналысқан. Кейін анасының айтуымен спорттан қол үзіп кеткен кезі де болады. Алайда, «Алға» спорт клубының мүшелерімен тағдырдың жолықтыруы, жас азаматтың бойындағы спортқа деген махаббатының оянуына сеп болады. Осылай, клуб мүшелеріне жәрдем қолын созып, жарыстарға барған кезде көмектесіп, үнемі қолдау танытып жүреді. Клуб мүшелері Құралбектің осынау еңбегін бағалап 2008 жылы оны төраға етіп сайлайды. Содан бері клубтың тыныс-тіршілігіне етене кіріскен Құралбек өз спортшыларының жеңіс тұғырынан көріну жолында тер төгіп келеді.
Қалалық спорт бөлімінің мұрындық болуымен 5 жылға жалға алынған спорт залда жақсы жөндеу жұмысы жүргізілгенмен, спорт инвентары жеткіліксіз.
Құралбектің айтуынша, спортшылардың жаттығу жұмыстарына қажетті турник, арқан, штанга сатып алу қажет.
- Еліміз бойынша тірек-қимыл аппаратына зақым келген азаматтардан құралған 10 клуб бар. Санаулы клубтардың қатарына кіретін клубымыздың шешілмей тұрған түйінді мәселелері де жоқ емес. Ол ай сайын келіп тұратын коммуналдық қызметті төлеу болса, екіншісі спортшыларға құмда ойнау үшін жағдай жасау қажет. Жалға алып отырған ғимараттың дала жағында бос орын бар. Соған құм төсеп берсе, жағажай волейболын дамыту мүмкіндігі туар еді, - дейді Қ.Сейдов.
Клубқа қолдау көрсетіп, материалды-қаржылай көмек көрсетіп келе жатқан азаматтар да жоқ емес. Олардың қатарында, қалалық әкімдік, "Өзенмұнайгаз" АҚ, «Ақниет» қоғамдық бірлестігі, «БЖБ» мекемесі, «Бөкен» база- рының әкімшілігі, «Жібек жолы», «АНЕСК» ЖШС-лары мен жеке кәсіпкерлерді ерекше атауға болады. Оларға клуб мүшелері де, қоғамға жанашырлық танытқан ел азаматтары да алғыс айтуда.
Құралбек төрағалық еткен клубтың арман-мақсаттары өте көп. Осыған дейін 11 рет Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионы атанып, әлемнің 32 мемлекетінде еліміздің абыройын қорғаған. Соңғы жарыстары Грузияда 1 орын, Чехия- да 2 орын, Ақтауда 16 мемлекеттің қатысуымен өткен халықаралық сайыста 1 орынды иеленген.
Клуб мүшелері үнемі жаттығу мен жеңістерге жетелеген жарыс- тарда жүреді. Солардың бір парасы алдағы уақытта күтіп тұр. Олар ҚР чемпионатының 3 туры және Польшада өтетін халықаралық сайыс.
- Польшадағы сайысқа бару- бармауымыз қаржы мәселесіне тіреліп тұр. Соған қарамастан, команда мүшелері дайындықты үзбеуде, - дейді клуб төрағасы. Алдағы уақытта клубтың қаржы мәселесінен туындаған қиындықтар оң шешімін табады деп үміттенеміз.
Тірек-қимыл аппаратында ақауы бар азаматтардың өмірге, спортқа деген құлшынысы осындай. Үнемі жеңіс тұғырынан көрініп, қиындықтарды бағындыруға өздерін ынталандыра білген азаматтарға тек қана жақсылық тілейміз.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП