Жуырда Ақтөбе қаласында Елорадамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына орай панкратионнан балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында облыстық ашық турнир өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 100 спортшы қатысқан спорт додасында Жаңаөзеннің намысын «Кудо Маңғыстау» жекпе-жек клубының батырлары қорғап, барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Ересектер арасында Қуандық Қудасбай І орынды қанжығасына байласа, осы топ бойынша жүлделі ІІ орынды Ердәулет Шаншарбай иеленді. Жасөспірімдер арасында Жалғас Сисембай қарсыластарынан басым түсіп І орынға ие болса, 12-13 жас аралығында Нұрсәт Көмекбай ІІ орын, ал 42 келі салмақ дәрежесі бойынша Дархан Ислам ІІІ орынды иеленді. Осылайша, Арман Сұлтанбаев пен Оңғар Бекмағамбетов жаттықтыратын жаңаөзендік кудошылардың бесеуі де жүлделі орындар иеленіп, мұнайлы қаланың абыройын асқақтатты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Ақмаржан қала Ақтауым» әнінің шығу тарихыСондай-ақ 28-29 шілде күндері елордамыз Астана қаласында өткен грэпплингтен алғашқы Әлем кубогы және халықаралық Asia Open турниріне аталған үйірме оқушысы Ғалия Сейділдаева қатысып, 350 балуанның арасынан суырылып шығып, 53 келі және 58 келі салмақ дәрежелерінен қос білдей алтын медаль иегері атанды.
Соңғы жылдарда кудо спорты тек Жаңаөзенде ғана емес, облыс көлемінде жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Өңірде аталған спорт түріне деген балалардың қызығушылығы өте жоғары. Алғашында 50 баланың басын құраған үйірме тәрбиеленушілерінің саны бүгінде 350-ге жеткен. Кудодан бөлек панкратион, джиу-джитсу, грепплинг сияқты спорт түрлерін де жетік меңгерген "Оқушылар" шығармашылық үйінің кудошылары бүгінде облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда үнемі алдыңғы қатарлардан көрініп, аймақ басшыларының алғысы мен халықтың ықыласына бөленіп жүр.
Айжан НАСЫРОВА