Ақтау қалалық мәслихаты депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері алдында өткен 6 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы қала әкімі Ғалымжын Ниязовтың берген есебінен біраз мағлұмат алдық. Бір сөзбен шаһардың даму бағытын оң бағытта деуге болады.
Дегенмен, қала әкімінің баяндамасында әр сала бойынша келтірген мәліметтеріне қысқаша тоқталып өтпесек болмас.
Сонымен, ағымдағы жылдың жарты жылында қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 112 млрд. 307 млн. (нақты көлем индексі – 96,3%) теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда ақшалай көлемде жоғары болғанмен, натуралды көлемде 3,7%-ға төмендеген. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 91,4 млрд. теңгені құрады (былтырғыдан 2,2 есе жоғары).
Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,0 млрд. теңге болып, 2017 жылдың 6 айындағыдан 11,3%-ға төмендеген.
2018 жылдың 6 айында қаладағы өндірістік мекемелерден бюджетке барлығы 153 млрд. 911 млн. теңге түсті (былтырғы осы кезеңнен 26%-ға артық). Жалпы сомадан республикалық бюджетке – 116 млрд. 597 млн. теңге, жергілікті бюджетке – 37 млрд 314 млн. теңге, соның ішінде Ақтау қаласына 13 млрд. 714 млн. теңге салық түскен.
Қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен (25 097) салыстырғанда 11,2%-ға өсіп, 27900 бірлікті құраған. Ондағы жұмыспен қамтылғандар саны 78 822 адамды құрайды. Есепті кезеңде шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің шығарған өнімі 143,5 млрд. теңгені құраған (өсім 29,3%).
Жалпы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға төмендеп, 57,1 млрд. теңге болды.
Қала бойынша бүгінгі таңда 9 164 тұлға тұрғын-үй кезегінде тұр. Осы бағытта биыл «Нұрлы жер» бағадарламасы, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы барлығы 1290 пәтерді тапсыру күтілуде. Өткен 6 айда қала бойынша 319 мың 400 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (3156 пәтер). Бұл 2017 жылдың 6 айымен салыстырғанда 62,3%-ға жоғары. Жыл аяғына дейін 33 ш/а «Аққу-3» тұрғын-үй кешенінде 670 пәтерлі 3 үйдің құрылысын бітіру жоспарланып отыр.
Тұрғын үйлерді жаңғырту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда. Қаланың 3-шағынауданындағы ауданішілік желілерді қайта жаңғырту, Приморский тұрғын-үй массивінің үйлерін электрмен жабдықтау, 17, 34 ш/а желілерін, «Хазар» ГПП құрылыстарын жалғастыру, Шығыс-3 шағынауданын газбен жабдықтау жұмыстарын аяқтау сияқты жұмыстар көзделген.
Қаланы абаттандыру бағытына жалпы 194,5 млн. теңге қаржы қарастырылып, шағынаудан ішілік жолдарын ағымдық және шұқырларды жөндеу, спорт алаңдарын ағымдық жөндеу, балалар ойын алаңдарын орнату, «Мәңгі алау» монументін ағымдық жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Биыл қаланы жарықтандыру жұмыстарына 779,8 млн. теңге, көгалдандыруға 957,4 млн. теңге бөлінді. Қаладағы жасыл желектерді тиісті деңгейде күтіп ұстап, жаңа аумақтарды көгалдандыру жұмыстарына 205 адам жұмылдырылған. Тазалықты қамтамасыз ету жұмысына 868 млн. 400 мың теңгеге келісім-шарт жасақталып, барлығы 455 адам, 15 арнайы техника қызмет атқаруда. Қоқыс қабылдау полигонына ай сайын 2400 текшеметрге жуық қоқыс шығарылады. Тазаланатын аумақтың жалпы көлемі – 12 897 758 шаршыметр.
Ағымдағы жылы Ақтау қаласы ұзындығы 200 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен барлығы 611,7 млн. теңге қарастырылған.
Қаламызда V Халықаралық Каспий теңізі жағалауы елдері басшылары саммитінің ұйымдастырылуына байланысты 8 автожолға орташа және Әуежайдан Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына дейін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік резервтен 2 мрлрд. 345 млн. 312,8 мың теңге қаражат бөлініп, игерілуде.
Ақтау қаласы аумағында автобус көлігі арқылы жолаушы тасымалдаумен алты бағыт бойынша барлығы 68 автобус қатынауда. Қазіргі қолданыстағы автобустарды заманауи талаптарға сай көліктермен ауыстыру мақсатында жергілікті бюджеттен 48 отырғызу орны бар 5 автобус сатып алуға 162,6 млн. теңге қаражат жоспарланды.
Биылғы жылы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 223 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Олардың қатарында кабельдер мен трансформаторлар өндіру зауыты (9,1 млрд. тг), полимерлік қаптама өндіру зауыты және жиһаз бен пластикалық терезелер өндіретін цех бар.
Қала әкімдігі басты назарда ұстайтын мәселенің бірі халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағынан қорғау болып табылады. Осы жылдың 6 айы ішінде экономиканың түрлі салаларында 5147 жаңа жұмыс орны ашылып, 2124 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Есепті кезеңде жұмыспен қамту органдарында 1856 жұмыссыз адам тіркелген.
Ағымдағы жылы білім саласына 12,3 млрд. теңге бөлінді, бұл қала бюджетінің 40,1%-ын құрайды. Ақтау қаласы бойынша 79 (34 мемлекеттік, 40 жекеменшік балабақша, 5 мемлекеттік шағын орталық) мектепке дейінгі мекеме бар. Қазіргі таңда балабақшаларға кезекке тұрған 3 – 6 жас аралығындағы бала саны – 2593. Қала бойынша мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтылған бала саны – 13 663 (84%). 2018 жылдың 6 айында 290 орынға арналған 4 жекеменшік балабақша ашылды. Сондай-ақ Ақтау қаласында салынатын тұрғын үйлердің бірінші қабатын балабақшаға икемдеу бойынша құрылысшылармен келіссөздер жүргізілуде.
Қазіргі уақытта қаламызда 25 күндізгі жалпы білім беру орта мектебі жұмыс жасайды. Биылғы жылы Ұлттық Бірыңғай Тестке қатысушы 939 түлектің орташа ұпайы – 71,6 балл болды (2017 – 78,3).
* * *Ағымдағы жылдың І-жартыжылдығында ІІБ жергілікті полиция қызметі бөліністерімен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту бағытында ұйымдастырылған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде қала бойынша жалпы тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,9%-ға төмендеді, деп мәлімдеді Ақтау қаласы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі О.Тасқымбаев мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері алдында берген өз есебінде.
Таратып айтқанда, онша ауыр емес қылмыстар – 9,5%-ға (222 – 201), ауырлығы орташа қылмыстар – 8,9%-ға (773 – 704), ауыр қылмыстар – 7,3%-ға (206 – 191), аса ауыр қылмыстар – 40,0%-ға (15 – 6), ұрлық қылмыстары – 18,5%-ға (680 – 554) төмендеген.
Сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшеде, жасөспірімдермен, топтармен, бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда кеміген немесе сол деңгейін сақтаған. «Нөлдік төзімділік қағидаты» бойынша 8 мың 283 тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Соның ішінде көрсеткіштерден қала мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзу, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу сияқты тәртіп бұзушылықтар жиірек кездескені көрінеді. Есепті кезеңде мектеп қабырғасында жасөспірімдермен қылмыс жасау деректеріне жол берілмеген.
Жол-патрульдік полиция бөліністерімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар нәтижесінде қала бойынша жол-көлік оқиғаларының саны – 37, одан қаза болғандар саны – 2, жарақат алғандар – 37. Алты айда жергілікті полиция қызметімен барлығы 30 мың 54 құқықбұзушылық дерегі анықталып, 133 млн. 637 мың 198 теңге айыппұл салынып, соның 87 млн. 630 мың 403 теңгесі (65,57%) мемлекет пайдасына өндірілген. Айыппұлды өндіру мақсатында «Кселл» байланыс торабымен жасалған келісім-шарт негізінде 9 мыңға жуық «СМС-хабарлама» мобильді терминалдар арқылы құқық бұзушыларға ескертулер жолданған.
Жол-патрульдік полициясы батальонының 30 патрульдік автокөлігіне борттық инверторлар мен принтерлер орнатылып, полиция қызметкерлері 27 дана SAMSUNG galaxy tab планшетімен қамтамасыз етілген
Ақтау қаласы ІІБ Жергілікті полиция қызметінің штаттық саны 434 қызметкерді құрайды, оның ішінде учаскелік полиция инспекторлары 73, ювеналдық полиция қызметкерлері 48, жол-патрульдік полициясы 245, табиғатты қорғау полициясы 10, арнайы мекемелерде 49 және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау 1 қызметкер. Бірінші жартыжылдықта 9 қызметкер теріс себептермен жұмыстан босатылса, 75 қызметкер өз міндеттерін орындамағаны үшін, қызметтік әскери тәртіпті бұзғаны үшін және нашар көрсеткіштеріне байланысты тәртіптік шараға тартылған.
Өз тілшіміз