Құрылысшылар күніне орай қаламыздағы «Маңғыстау-арена» спорт кешенінде футзалдан құрылысшылар арасында облыстық жарыс өтуде.
Аталған додаға облыс аумағындағы Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Бейнеу аудандары мен түрлі құрылыс компанияларынан жасақталған 16 команда қатысып, өзара мықтыны анықтау үстінде. Мерейлі шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов облыс әкімінің ыстық лебізін жеткізді:
– «Мерекенің қызығы – тойы, ақылдының шыжығы – ойы» демекші, құрылысшылардың атаулы күнінде игілікті істер атқарып, бір сәт сергу бізге де абыройлы болмақ. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов құрылысшылар қауымының ерен еңбегін ескере отырып, зор алғысын айтты. Себебі, жуық арада өткелі тұрған Каспий жағасындағы бес ел саммитіне арнайылап салынған еңселі ғимараттар, әсем демалыс орындары, бәрі де сіздер кірпішін қалап, берік қабырғасын көтерген кешендер. Құрылысшылардың еңбегін елей жүріп, келешекте үлкен табыс тілейміз! – деді Мақсат Нұрлыбекұлы.
Атқарылып жатқан шаралар легі мұнымен тыйылып қалмақ емес, одан әрі ардагер құрылысшылар арасында бильярдтан ашық турнир өтеді. Жалпы қала, аудандардағы додалардың қорытынды есебі шығарылып, марапаттау рәсімі 16 тамыз күні Маңғыстау облысы әкімінің қатысуымен өтеді деп жоспарланып отыр.
Мадияр ТӨЛЕУОВ