©
Қолына ақша қыстырсаңыз болғаны, вокзал қызметкерлері еш жерде тіркеп көрсетпей-ақ жүгіңізді тасып, өзіңізді діттеген жерге жеткізеді екен. Мұны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ мүшелері анықтады. Олар 5-6 тамыз күндері «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Маңғыстау бөлімшесінде «құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық мониторинг жүргізді.
Жүк тасымалдау бойынша касса қызметкері «Маңғышлақ-Алматы» пойызымен жолсерікпен келісу арқылы кез-келген ауыр жүкті белгілі бір сомаға тасымалдауға болатынын айтқан.
Жүк тасымалдаушы бөлімінің қызметкері жүктерді Шымкентке дейін 25.000 теңгеге тиісті құжатты рәсімдемей-ақ келісіп, жеткізуге болатындығын меңзеді. ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 545 бұйрығымен бекітілген ереженің 176 тармағына сәйкес, жүк багажды жөнелтуге қабылдау жіберушінің өтініші негізінде және өтініште көрсетілген деректерге сәйкес бекітілген нысандағы тасымалдау құжатымен (жүк багаж түбіртегімен) ресімделуі тиіс.
Яғни, арнайы мониторингтік топ жүк тасымалдауды рәсімдеу тәртібі заңмен бекітілгеніне қарамастан, бұл талаптар өрескел бұзылып отырғандығын анықтады. Жолаушылар жолсеріктермен ауызша келісім арқылы, кассаны айналып өтіп, көздеген жеріне жүктерін жеткізуге еш кедергі жоқ.
-Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ-на ұсыным жолданды. Осы кемшіліктерді анықтау мақсатында МО Көліктік бақылау инспекциясы, Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен жолаушылар пойыздарына тағы да рейд жүргізіледі. Бұған дейінгі тексеріс құпия түрде болса, енді тікелей барып, бетпе-бет тексерілетін болады. Рәсімделмеген жүктер, жолаушылар анықталмақ, - дейді сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұрбол Оқуов.
Еске сала кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына орай, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Маңғыстау бөлімшелерінде «құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық мониторинг жүргізілуде. Бұған дейін теміржол вокзалдарын тексеру кезінде пойыз билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отырғандығы анықталған болатын.
Жыл басынан бері ел ішілік және шетелдік 38 пойызға тексеру жүргізілген.
-Жолаушылар пойыздарын тексеру барысында жол жүру құжатынсыз жүрген 70 жолаушы анықталды. Бұл – жыл басынан бері 7 айдағы тексеріс нәтижесі. Бұрын құжатсыз жүргені үшін айыппұл жолаушыға жүктелетін, ал қазір жолсерікке салынады. Себебі құжатсыз пойызға кіргізген – жолсерік. Нәтижесінде 17 жолсерікке жалпы көлемі 300 мыңдай айыппұл рәсімделді, - дейді МО Көліктік бақылау инспекциясы теміржол және су көлігіндегі бақылау бөлімі басшысының м.а. Қуандық Аяпов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Видеоны Агенттіктің Маңғыстау облыстық департаменті ұсынды
https://youtu.be/sJ3lI_cd644