ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен қажылыққа баратын қазақстандықтардың жолға шығуын ұйымдастыру мәселелері бойынша отырыс өтті.
Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ «Scat» және «Fly Nas» әуекомпаниясының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қажылық маусымында қазақстандық азаматтардың қажылыққа бару және келу тәртібі пысықталды. Қажыларды тасымалдайтын әуе компаниялардың даярлығы, соның ішінде ұшақтардың уақытылы ұшуын қамтамасыз ету, сондай-ақ міндетті екпе егу (вакцинация) рәсімі мен виза алу мәселелері талқыланды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істері жөніндегі министрлігімен жыл сайын келісім жасасып, соның негізінде биылғы жылы 3 мың адамға квота бөлінген.
Министрдің айтуынша, қажылықты қадағалау мен ұйымдастыру үшін Министрлік тарапынан ҚМДБ-мен бірге 14 адамнан тұратын қажылық миссия құрылды: ҚМДБ – 7 өкіл, БАҚ – 3 өкіл, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен 2 медицина қызметкері және ҚР Қоғамдық даму министрлігінің – 2 өкіл.
Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуе компаниялары 50/50 үлес арқылы ұшуды ұйымдастырады. Сауд Арабиясы тарапынан қазақстандықтардың қажылыққа ұшып баруын ұйымдастыру үшін «Fly Nas» әуекомпаниясы белгіленді. Қазақстан тарапынан өткен жылдан бері ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен қажылыққа аттанғандарды тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді «SCAT» әуекомпаниясы жүзеге асырады.
Қажылық парызын өтейтін қазақстандықтар Сауд Арабиясына 9-15 тамыз аралығында барып, 1 қыркүйекке дейін елге оралады.
Аталған отырыста қажылыққа аттанатын қазақстандықтарға екпе егу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы жылы Қазақстанның 5 қаласының 8 медициналық орталығында бір уақытта екпе егу рәсімі (вакциналау) жүргізітелді. Қажылыққа аттанатындар үшін екпе бағасы 28 мың теңгені құрайды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты органдарға қажылыққа бару бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселелерді шешу жөнінде ұсынымдар берілді.
Дереккөз: baq.kz