Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы «ҚР Кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына сәйкес, елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі бүкілхалықтық «Спорт күні» деп белгіленген болатын. Аталған мереке елде спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған. Осыған орай, өңіріміздің бірқатар спортшылары мен жаттықтырушы мамандары Жаңаөзен қаласы әкімінің Алғыс хаты мен марапатына ие болды. Солардың бірі ауыр атлетикадан жаттықтырушы бапкер Әділмағанбет Жаңбыров жөнінде тоқталып өтсек.
Әділмағанбет Жаңбыров 1959 жылы Түркменстан Республикасында дүниеге келген. Жастайынан ауыр атлетикадан үйірмелерге қатысып, жасөспірімдер арасында чемпион атанған. 1976 жылы он жеті жасында еңбек жолын Красноводск қаласында өрт сөндіруші болып бастаған ол 1977-79 жылдары әскери борышын өтеуге жіберілді. Бала күнінен жанына жақын спорт түрі - ауыр атлетикадан жаттықтырушы бапкер ретінде №2 спорт мектебінде қызмет етеді.
Бұл қызметке Әділмағанбет аға 1985 жылы келеді. 1987-92 жылдары дене тәрбиесі және спорт институтын аяқтап, 1996 жылы Жаңаөзен қаласының №8 орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасады. Қазіргі таңға дейін осында қызмет етеді.
2008 жылы №8 мектептің жанынан құрылған ауыр атлетикадан орталық жаттығу залы «Өзенмұнайгаз» АҚ және қала әкімшілігі жаңа құралдармен, әртүрлі жаттығуға арналған жабдықтармен қамтамасыз етіп, дәл осы спорт түріне қызығушы балаларды жаттықтырады.
Бүгінде әлем чемпионы, ҚР чемпионы атағын алған бірнеше шәкірттері бар. Елімізде және Азия, Таиланд, Оңтүстік Корея, тағы басқа елдерде өткен әлем чемпионаттарында Ғалымбек Тілеуов, Алтынбек Қалипаев, Тимур Жаңбыров, Мұрат Оңайбаев, Бақыт Ержанов секілді спортшылар жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Еліміздің көкбайрағын желбіретіп, қаламыздың атын шығарып жүрген чемпиондарымыз көп әрине, бірақ олардың арасында Ғалымбек Тілеуовты ерекше атап өтуге болады.
2009 жылы Ғалымбек Таиланд мемлекетінің Чанг-Май қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік чемпионатта 49 мемлекеттің ішінен үшінші орынды иеленіп, қола медаль иегері атанды. 94 келі салмақтағы Ғалымбек жұлқа көтеруден 135 келі, серпе көтеруден 161 келі, жалпы салмағы 296 келі зілтемірді көтерген болатын.
2014 жылы Қостанай облысында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы біріншілігінде Ғалымбек өз салмақ категориясында жұлқып көтеруден 110 келі, серпе көтеруден 125 келі зілтемір көтеріп, ІІ орынға ие болды. Жетістіктері бірнеше баспа беттерінде жарияланып, қалалық, облыстық, шетелдік «World Weightlifting» журналында жарық көрді.
Сонымен қатар, қаламыздың түлегі, ауыр атлетикадан Қазақстан жастары арасында бірнеше дүркін жүлдегер атанған Бақыт Ержанов 2009 жылы Шымкент қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы еліміздің ашық біріншілігінде қола медаль мен ІІІ дәрежелі дипломды еншілеген болатын. Қазақстанның спорт шебері нормативін орындап, еліміздің жастар құрама командасының мүшелігіне қабылданды. 94 келі салмақтағы Бақыт жарыста жұлқа көтеруден 140, серпе көтеруден 167 келі зілтемір көтеріп, жалпы мөлшері 307 келі болатын салмақты бағындырды.
Міне, осындай атақты чемпиондарының көптігімен және олардың жетістігімен мақта- натын жаттықтырушы Әділмағанбет аға спорт саласына сіңген еңбегі үшін, жетістіктері үшін, еліміздің спорт және дене шынықтыру саласында атқарған абыройлы еңбегі мен адал және мінсіз қызметі үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасымен, облыстық дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін облыс және қала әкімдерінің Алғыс хатымен, төсбелгілермен марапатталған.
Әділмағанбет Жаңбыров өзінің шәкірттерін мақтан ете отырып, «ұстаздан шәкірт озар» дегендей, алдағы уақытта әлі талай шыңдарды бағындырып, әлемдік, атақты зілтемірші атағын алатын, еліміздің байрағын желбіретер шәкірттері боларына сөзсіз сенеді.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА