Бейнеу ауданының орталығы Бейнеу ауылында бір ғасырдың куәгері Қалиева Сырға Тілеубайқызы тұрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сырға әже 1922 жылы 1 қаңтарда Бейнеуде дүниеге келген. Әкесі Тілеубай Маңғыстаудың атақты байлары Омар мен Тұрдан тарайтын Бейнеу деген кісінің жалғыз ұлы болған. Омар-Тұр кесенесі - ауданнан 25 шақырым жерде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіш. Ол бүгінгі таңда мемлекет қорғауына алынған тарихи жәдігерлер қатарында.
Тілеубай Бейнеуұлы шамамен 1932 жылы кеңес үкіметінің қудалауына ұшырап, дүние салған. Анасы Секер 5 баламен Түрікменстанның Измукшир қаласына қоныс аударған.
Сырға Тілеубайқызы 1946 жылы тұрмысқа шыққан. 1949 жылы алғашқы сәбиін дүниеге әкелген. Сырға әже - 11 құрсақ көтерген кейуана.
1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысын көзімен көріп, 2 ағасын соғысқа шығарып салған. 1950-1955 жылдар аралығында Қарақалпақстан Республикасында ауыл шаруашылығында жүк тасушы болып қызмет атқарған.
Қазіргі таңда 60-тан астам немеренің, 40-тан астам шөберенің, 1 шөпшектің әжесі.
Талай боздақтарымыз шейіт кеткен ашаршылық пен сұрапыл соғыс жылдарында жертөледе тұрған. Тағдырдың талай тауқыметін көріп, сан сүргіннен аман шыққан Сырға әже қазіргі күні өз туған жері Бейнеу ауданында, бала-шағасының ортасында бақытты күн кешуде.