Ш. Есенов университеті қазақстандық оқу орны арасында алғаш рет ACQUIN халықаралық институтционалды аккредитациядан өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2022 жылы 31 наурызда ACQUIN комиссиясының кезекті отырысында Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 2028 жылдың қыркүйек айына дейін толық институционалдық аккредиттеуден өтуі бойынша оң шешім қабылданды.
Аккредиттеу рәсімінің негізгі мақсаты - білім беру бағдарламаларының сапасын және олардың «жоғары білімнің Еуропалық кеңістігінде (ESG) сапаны қамтамасыз ету жөніндегі стандарттар мен ұсынымдарға» сәйкестігін бағалау.
Айта кетейік, ACQUIN аккредиттеу агенттігі еуропалық жоғары білім беру кеңістігінде де, Қазақстанда да университеттер мен білім беру бағдарламаларын аккредиттеуді жүзеге асырады. ACQUIN агенттігі аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету бойынша коммерциялық емес қауымдастық. Оның құрамында 160-тан астам жоғары оқу орындары және ғылыми бағыттағы кәсіби қауымдастықтар бар. Агенттік нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету, шетелдік студенттер үшін университеттердің тартымдылығын арттыру және академиялық дәрежесінің артуы мақсатында барлық мамандық бойынша білім беру бағдарламаларына халықаралық аккредиттеу жүргізеді.
ESG мәліметтеріне сәйкес, ішкі сапаны қамтамасыз етудің он критерийі бағаланды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, «ЖОО-да институционалдық бейін, стратегия және мақсаттар айқындалған миссияның нақты тұжырымы бар. Миссия дәйекті және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Міндеттер, шешім қабылдау процестері және шешім қабылдау өкілеттіктері нақты анықталған және жарғыға енгізілген. Ұйымдастырушылық және басқарушылық құрылымдар оқу орнының міндеттеріне сәйкес келеді және оқыту мен оқу еркіндігін қамтамасыз етеді. Студенттер Yessenov University-де білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуына, оның мазмұнына, оқыту нысанына өте риза».
Бұл ретте университеттің толық аккредиттеуден сәтті өтуі білім беру үрдісінің сапасын тұрақты жақсарту және халықаралық стандарттарға сәйкес келуге ұмтылуын мойындау болып табылады.