«Маңғыстау-Медиа» ЖШС-да республикалық референдум және елде қабылданып жатқан саяси, экономикалық шешімдер талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мекемеде өткен ұжымдық талқылауға ҚР мәжілісі депутаты Дементьева Наталья Григорьевна қатысты. Парламент өкілі мемлекет саясатындағы өзгерістерді, бұл өзгерістердің жалғасуы үшін референдумның маңыздылығын айтып, қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.
Жақында, 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Дауыс беру тізімінде «Пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі» деген де тармақ бар. Бұл өзгеріс енсе, депутаттар 70/30 қағидасы бойынша сайланады. Қазіргі таңда олар 100%, яғни барлық депутат қандай да бір партияның атынан ғана сайлауға қатысады. Сайлаудан кейін әр партия өзінің қалаған мүшесін парламентке өткізеді. Ал 70/30 қағидасында депутаттардың 70%-ын партия ұсынады, 30%-ы ешқандай партияға мүше болмаса да өз атынан сайлауға түсіп, тікелей халық даусымен депутат бола алады.