Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін және жаһандық сын-қатерлерге толы тұста Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің ендігі келешегін айқындау бағытындағы ең маңызды шешімді қабылдады. Бұл – жалпыхалықтық референдум, яғни халықтың өз тағдырын өзі таңдауына берілген үлкен мүмкіндік, демократиялық тетік. Былайша айтқанда, референдум - «Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы.
Референдум – қатардағы науқаншылдыққа балап жүрдім-бардым қарайтын оқиға емес, бұл – халықтың болашақ тағдырын шешудің басты тетігі, азаматтық ұстанымдарымыз бен қоғамның қалауы сыналатын сәт. Сол себепті де, бұл маңызды оқиға ешбір қазақстандықты айналып өтпейді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылы жаңа Конституция бекіп, осы уақытқа дейін 4 рет өзгертіліпті. Енді араға бақандай 27 жылды салып, жаңа сипаттағы Ата Заңымызды қабылдауға мүмкіндік туып тұр. Қазақстандықтар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Ата Заңымызды қабылдау арқылы айтарлықтай өзгеріске қол жеткізетіні анық болып тұр. Бұл, алдымен, бәріміз айтып жүрген суперпрезиденттік басқару формасынан бас тарту; Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру; Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға, тіпті квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымды иеленуіне тыйым салу; Жоғары сот кеңесі құрамының мүшелерін және төрағасын Сенатпен келісу арқылы ғана тағайындай алу; Мемлекет басшысының Сенаттағы квотасын үштен бірге азайту; Парламент пен мәслихаттардың құзырын кеңейту т.б. ең маңыздысы – осы өзгерістерді қабылдай отырып, Жаңа Қазақстанға аяқ басу, «Екінші Республиканы» құру.
Барша қазақстандықты жауапкершілігіміз бен ұстанымдарымыз сыналар тұста жұдырықтай жұмылып, референдумды елдің тағдырын бірге айқындауға шақырамын
Наурызбек Мағдатов,
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанынан құрылған штаб мүшесі