Ақтауда 27-29 маусым күндері полиция қызметкерлерінің қатысуымен "Түнгі қаладағы балалар" жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Үш күндік рейдте баспанадан тыс ата-ананың қарауынсыз жүрген 52 жасөспірім анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жасөспірімдердің ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша ескерту беріліп, әкімшілік хаттама толтырылды.
Ақтау қаласы полиция басқармасының мәлімдеуінше, қалада орналасқан 9 компьютерлік клуб пен теңіз жағалауында орналасқан кафе-барда жасөспірімдердің жұмыс істеп, ойын ойнап жатқаны анықталды.
"Ойын-сауық мекемелерінің әкімшілігіне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша, яғни кәмелет жасқа толмаған жасөспірім балаларды ойын-сауық мекемесіне кіргізуіне жол бергені үшін әкімшілік хаттама жасақталып, айыппұл салынды. Сонымен қатар сағат 22:00-ден кейін аталған мекемелерге кірген балалардың ата-анасына 7 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Профилактикалық сұхбат жүргізілді", - дейді Ақтау қаласы ПБ ЖПК ЮПБ бастығы полиция майоры Нұрлан Рахаев.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша ірі сауда орталықтарында қызмет ұсынып жүрген 9 жасөспірім анықталды. Олардың ата-анасымен сұхбат жүргізіліп, ескерту берілді.
Ал беймезгіл уақытта ішімдік сатқан 3 дүкен анықталды. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 3 бөлігімен сотқа жадығат жиналды.
Айта кетейік, аталған рейдке "Аmanat" жастар қанатының төрағасы Абзал Марат, облыстық жастар кеңесінің мүшелері мен еріктілер қатысты.