Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі Қытай Халық Республикасында өтіп жатқан мәдени іс-шараға қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық мәдениет басқармасының баспасөзіне сілтеме жасап.
«Айдаhардың гүлденген ғасыры, бақытты, қуанышты Цинпру жылы» атты мәдени іс-шараны Шаньси провинциясы Тайюань қаласы Цинсюй округі халықтық үкіметі ұйымдастырған. Халықаралық фестивальге Қазақстан, Франция, Италия елдерінен және Қытай Халық Республикасының түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысқан.
«Қытайдағы шамдар фестивалі – ХІ ғасырдан бері тойланып келе жатырған үлкен дәстүр. Қытай халықтары жаңа-жылда ата-бабалардың әруақтары жерге түсіп, өздерінің жақын ағайындарымен жаңа-жылды қарсы алып, кейін аспанға қайта ұшып кетеді деген сенімде. Ұшу барысында жолын ашып, жарық қылу мақсатында аталған шамдарды ұшырады. Бұл дәстүр – Қытай Халық Республикасының мемлекеттік мерекелерінің бірі. Осы мерекелердің аясында жыл сайын дәстүрлі түрде шамдар фестивалі ұйымдастырылып отырады» - делінген баспасөз хабарламасында.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2 күн бойы ұйымдастырылған фестивальдің ашылу, жабылу салтанатына қатысқан Маңғыстаулық өнерпаздар Қытай Халық Республикасының жергілікті тұрғындарымен шығармашылық байланыс орнатып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленген.
Фестиваль үлкен шеруден басталып, белгілі бір тарихты баяндайтын театрландырылған қойылымдар қойылған. Фестивальдің алғашқы күні Қытай Халық Республикасында ежелден келе жатқан «барабан» аспабы өнерімен ашылып, барабаншы өнерпаздардан кейін, Маңғыстау облысының өнерпаздары өнер көрсеткен.
Қаланың үлкен көшелерін айналып, негізгі 4 жерде тоқтап, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблінің «Бастаңғы - бақыт бастауы» атты арнайы дайындалған қойылымын көрсеткен. Сонымен қатар шеруде келе жатқан қатысушылар импрозивациялық қабілеттері арқылы жиырмадан астам қойылымдарын ұсынған. Шара аясында ұйымдастырушылар қатысушыларды өздерінің тарихи жерімен, асханаларымен таныстырған.
«Қытай Халқы жоғары дәрежеде орындалған Маңғыстаулық өнерпаздардың «Бастаңғы бақыт бастауы» бағдарламаларына қызығушылық танытып, қазақтың ұлттық домбырасына, ұлттық киімдеріне қызығушылық танытты», - делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, бес өнерпаздан құралған «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі 25 ұлттық аспапта ойнап, бүгінгі күнге дейін қазақтың ұлттық өнерін шет мемлекеттерге танытып келе жатқан топ. Сондай-ақ 12 бишіден құралған «Жорға» би ансамблінің бишілері де халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты атанып, шетелдерге ұлттық биімізді насихаттап келеді.
Қытайда өткен мәдени іс-шараға бишілер мен аспапшылардан бөлек, Республикалық ән байқауларының лауреаттары, атап айтар болсақ, Алпысбек Оңайбайұлы, Фариза Ретбайқызы және Нұрым Асқанов сынды дәстүрлі ән, жыр-терме жанрының өнерпаздары қатысқан.
Маңғыстаулық делегация құрамын Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов, М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Данияр Сағынғалиұлы, режиссер, «Жорға» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Серік Сариев бастап барған.