Бейнеуде қазақтың көрнекті ақындары Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған поэтикалық қойылым қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сахна төріне ретро стильдегі безендірулер ерекше әсер беріп тұрды.
Қойылымның алғашқы бөлігінде сахнада шоғырланған бір топ бақыт төңірегіндегі өз ойларымен бөлісті. Бірі бақыт байлық, бірі мансап, бірі адал жар мен перзент десіп, Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген» өлеңі арқылы бақыт түсінігін сахналанған көрініспен ашып берді.
Қойылымның екінші бөлігінде өнерпаздар қос ақынның «Қателескен екенмін. Бір-ақ рет», «Сен менің» өлеңдерін мәнерлеп оқып, жанды дауыста «Ұнатамын мен сені», «Мен деп ойла», «Мен саған ғашық емес ем» әндерін жұп болып шырқады. Қойылым соңы Фариза мен Мұқағали ақындардың диологтік сахнасына жалғасты. Поэтикалық қойылымның шымылдығы халық арасында кең тараған Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнімен жабылды.
- Кеш керемет өтті. Поэзия деген өмірдің өзі ғой... Мұқағали мен Фаризаның шығармашылығын тани түскің келеді. Қойылымды тамашалағанда аяқталмаса екен деп отырдым. Бүгінгі жастардың поэзияға деген құштарлығы қуантарлық жағдай. Кешті ұйымдастырған барлық жақсы жандарға рахмет айтамын,– деді кеш көрермені, ардагер дәрігер, Бейнеу ауданының құрметті азаматы Ізбасар Қыздарбаев.
Поэтикалық қойылымның көркемдік жетекшілері Бүркітова Раушан және Әнесова Айсұлу. Қазақтың мұзбалақ ақыны мен ақын қызына арналған кеште көрерменнің ықыласы ерекше болды.