Ақтауда қараусыз жүрген иттер мен мысықтарға арналған панажай құрылысының жұмысы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, Ақтау қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік өтінімге қараусыз жүрген иттер мен мысықтарға арналған панажай салу құрылысының жобалық сметалық құжаттарын жасақтауға конкурс жарияланған. Белгілі болғандай бұл конкурста «МастИнжПроект» ЖШС-гі 14 318 937 теңгеге жеңімпаз атанып, панажай құрылысының жұмысын бастаған.
Басқармадағылар бұдан бөлек, Ақтау қаласы аумағында типтік үлгідегі мал қорымы мен инсинератор пешінің құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
- Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша 2020 жылы ЖСҚ жасақталып, 05.04.2021 жылы Экскоцентр №0021/21 тәуелсіз сараптамадан өткізілді. Жоба құны 160,66 млн.теңгені құрайды.Мал қорымы аумағында 3 үлкен шұңқыр мен инсинератор пеші қондырғысының құрылысын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда мал қорымының құрылысы бойынша мердігер «АБТМ» ЖШС анықталды. Аталған мекемемен 2023 жылдың 8-тамызында тот № 47/23 келісімшарт жасақталды. Қазіргі таңда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде, - деді МО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаев.