Автокөлігін заңсыз рәсімдегісі келген ақтөбелік ақшасынан айырылып қалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция бөліміне жергілікті тұрғын белгісіз ер адам алаяқтық жолмен одан 300 мың теңге алып, жақын шетелден әкелінген автокөлікті есепке қоюға көмектесуге уәде берген. Алайда уәдесін орындамағаны туралы арызданды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, ұстады. Ол Манғыстау облысының 18 жастағы тұрғыны болып шықты, күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ұсталған адамның тағы екі эпизодқа қатысы бары анықталды.
Алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейбір азаматтар жағдайды пайдаланып белгілі бір сомаға автокөлікті есепке қоямын деп сан соқтыратыны ел тұрғындарына қаперіне ұсынылып отыр. Осы ретте полиция аталған қызмет түрлерінен бас тартуды ұсынады.