Ақтау гарнизоны Әскери-теңіз базасының кіші командирлері мереке қарсаңында Әскери-теңіз күштерінің старшиналары мен сержанттарының Ар-намыс кодексін сақтауға ант берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазіргі таңда жиырма мыңнан астам сержант бар. Сержанттар құрамы негізінен Кадет корпусынан бітіріп шыққан түлектермен жасақталады. Бұл оқу орны 2021 жылы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уалиханов атындағы әскери колледжі болып қайта құрылды.
Әскери-теңіз күштерінің 20 сержанты Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, ҚР ҚК Әскери теңіз күштері старшинасының ар-намысты және абыройлы жоғары атағын мақтан тұтуға, офицердің сенімді сүйенші болуға ант берді.
Салтанатты іс-шара барысында әскери бөлім командирі оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындағаны және қызметтегі жетістіктері үшін, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге, мерзімінен бұрын әскери атақтар, грамоталар, мадақтама қағаздарын, сондай-ақ бағалы сыйлықтарымен табыс етті.
"Сержанттар немесе старшиналар корпусы дегеніміз ол қарапайым келісімшарт бойынша әскери қызметші қатарынан кіші командалық санатқа өткен сарбаздар. Олардың ар-намыс кодексін қабылдауы сержанттар қатарына кіргенін білдіреді", - деді әскери-теңіз базасының штаб бастығы 2 дәрежелі капитан Артур Тудаков.
Шара соңында әскери қызметшілер сап түзеп, сержанттар мен старшиналар құрамы естелік суретке түсті.