Бүгін, 1 шілде күні, Қаражанбас кен орнында ілеспе қабат суын тұшыту зауыты (әрі қарай - ҚСТЗ) сынақ режимінде іске қосылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Қаражанбасмұнай» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Стратегиялық маңызды өндіріс штаттық режимге сәтті өтіп технологиялық стандарттарға сай жұмыс істеп тұр. «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Бас директоры Ли Тецян мен Бас директордың бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдерімен бірлесіп барлық технологиялық процесті бақылады.
Көлемі 1000 м3 ілеспе қабат суы көп сатылы сүзуден және деминерализациядан кері осмос арқылы өтті. Сонымен қатар, сынамаларды химиялық зерттеу нәтижелері сапа стандарттарына сәйкестігін көрсетті. ҚБМ Басқармасы кәсіпорынның сумен қамтамасыз ету мәселесін шешудегі маңыздылығын атап өтіп, жобаның жүзеге асуына атсалысқандарды жұмыстың белгіленген мерзімде сәтті басталуымен құттықтады.
«Мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе қабат суын тұшыту және пайдалану - біздің компанияға жаңа технологиялық деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Ол көп еңбекті қажет ететін жауапты процесс. Толық қуатқа жеткенге дейін берілетін су көлемін кезең-кезеңімен арттырамыз. Айта кету керек, бұл өндірісті жүзеге асыру үшін мамандар білімі мен тәжірибесін пайдаланып, зор еңбек сіңірді», - деп атап өтті ҚБМ басшылығы.
Өндірісті іске қосу көптеген бағыт бойынша мультипликативтік әсер етеді. Сумен қамту мәселесінен бөлек, зауыт ҚБМ-ның өндіріс көлемін арттыру, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу санын қысқарту, сондай-ақ грифон түзілу көлемін азайту сияқты бірқатар технологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді.