Жаңаөзен қаласында шаһардың 50 жылдық мерейтойына орай велошеру ұйымдастырылды. Барлық жастағы қала тұрғындары қатысқан ауқымды шара биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінен бастау алған шеруге қала тұрғындарымен қатар Әділбек Дауылбаев бастаған қала активі де белсене қатысты. Марафонның ең жас қатысушылары 6-7 жасар балалар болса, ең үлкен марафоншы 72 жастағы Амангелді Наурызбаев.
- Қаламыздың 50 жылдық мерейтойы құтты болсын! Өлкеміз көркейіп, дами берсін. Спорт – денсаулық кепілі. Бүгінгі шараға жастарға үлгі болмақ ниетте келдім. Алдағы уақытта да осындай спорт сайыстары көптеп ұйымдастырыла берсін. Барлық қала тұрғындарын жас-кәрі деп талғамай барлығымыз бірлікте салауатты өмір салтын қолдауға шақырамын, - деді ардагер зейнеткер.
Велошеруде сөз алған қала әкімі Әділбек Дауылбаев жиналған қауымды қаланың торқалы тойымен құттықтап, аталған шараның бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды жүйелі түрде спортпен шұғылдануға баулу мақсатында ұйымдастырылып, қалада жаппай спорттың дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта шара игі дәстүрге айналады дей келе, 5 жаңаөзендік балғынға велосипедтер тарту етті.
Айжан НАСЫРОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда Әбіш Кекілбайұлына, Абай мен Томириске ескерткіш қойылады