©
21 сәуір күні Бейнеу аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жылдағы дәстүр бойынша Қазақ күресінен Қазақстан Президентінің жүлдесіне арналған «Қазақстан Барысы» VІІІ республикалық турнирінің аудандық іріктеу турнирі болып өтті. Турнирге тоғыз палуан қатысқан.
Турнирді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салиев Жандос Айтбайұлы ашып беріп, қатысушы спортшы жастарға сәттілік тіледі.
Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің хабарлауынша, тәжірибелі палуан Папау Нұрсұлтан жарыстың жартылай финалына дейін сүрінбей жеткен. Бірақ финалға бір қадам қалғанда Дәурен Жарылғаповқа қарсы айла таппады. Ал қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңген Дәурен Жарылғаповқа бұл күні тең келер ешкім болған жоқ. Финалда Ақылбек Қуанышбаевпен белдескен Дәурен таза жеңіске жетті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге кубок, диплом және қаржылай сыйлық табысталды. І орын – Дәурен Жарылғапов, ІІ орын – Ақылбек Қуанышбаев, ІІІ орын – Нұрсұлтан Папау иеленді.
Бірінші және екінші орын алған спортшылар 12-13 мамырда өтетін «Қазақстан барысының» облыстық іріктеу турнирі «Каспий көкжалы – 2018» турниріне жолдама алды.