Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшінгі қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің Қарақия аудандық іріктеу жарысы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті.
Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған жарысқа Құрық, Жетібай, Мұнайшы, Бостан өңірлерінен он екі білекті палуан қатысты. Салтанатты жарыс ашық деп жарияланған соң еліміздің әнұраны ойналды. Ауданда сегізінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев, «Нұр Отан» партиясы Қарақия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Сабитова, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Д.Атағараев қатысып, палуандарға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Жарыс барысында палуандарға арнайы мамандар төрелік жасап, әр кезеңде үздіктерді сұрыптап шығарды. Жарыс барысында боз кілемде белдескен балуандарға сын-ескертпелер көп жасалды. Дегенмен әділ өткен жарыста жекпе-жектің еш мінсіз өткендігіне риза болған көрермен қауым алғыстарын қошемет арқылы білдірді. Ақтық айқаста жетібайлық қос қабылан М.Сақтағанов пен А. Елшібаевтар белдесті. Бұл жекпе-жекте М.Сақтағанов қарсыласын тізе бүктіріп, алтын медаль мен бірінші орынды қанжығасына байлады. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы өткен Қарақия аудандық іріктеу турнирінде М.Сақтағанов қазақ күресінің алтын иегері атанған болатын. «Күш атасын танымас» дегендей, шымыр палуан сан қырлы әдісімен жеңіс тұғырынан тағы да көрінді. Ал екінші күміс жүлдені А. Елшібаев жеңсе, үшінші орынды М.Асылбек ұтып, қола медальді қанағат тұтты. Жеңімпаз атанғандар жақында өтетін облыстық жарысқа жолдама алды. Жарыс соңында Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Д.Атағараев жеңімпаз жүлдегерлерге диплом, медаль және кубок пен ақшалай сыйлықтар табыстады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Иттеріңізді бақылауда ұстаңыз- Бүгінгі таңда қазақ күресі қарыштап дамуда. Спорттың бұл түріне жастардың қызығушылығы да артып келеді. Қазақ күресі – күш-қуатыңды жігерлендіретін спорт түрі. Ол әр бір спортшыны төзімділікке, батылдыққа, ептілікке тез ойлау мен әдісті таба білуге машықтандырады. Күресте балуан өзін еркін ұстап, шалу, салмақпен басу, тіресу, алшадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, тірсектен шалу тәрізді әдістермен өз бойындағы күшін түгел пайдалана алады, - дейді білікті бапкерлер.
Ф.ХАЙДАРОВА