Жуырда Тұщықұдық ауылында халық батыры Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы атындағы спорт кешенінде 2003-2005 жылғы туылған жасөспірімдер арасында бокстан Маңғыстау облыстық ашық турнирі өтті. Жарыстың өтуіне аудан әкімі Т.Көшмағанбетов ұйытқы болды. Мұндағы негізгі мақсат – бокс спортының мәртебесін көтере отырып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Дүбірлі доданы Маңғыстау ауданы əкімінің орынбасары Т.Қылаңов жəне бокстан əлем чемпионы Е.Жаңабергенов ашты. Ашылу салтанатында сөз алған Е.Жаңабергенов осындай жарыстарды өткізу арқылы жас боксшылардың тəжірбиесі шыңдалатынын атап өтті. Ашық турнирге Маңғыстау облысының барлық аудан, қалаларынан 90-ға жуық жас спортшы 16 түрлі салмақ дəрежесінде сынға түсті. Бокс əлеміне енді қадам басқан балалар үшін бұл жарыс өзін көрсетуге, қабілетін байқауға жақсы мүмкіндік болды. Спортшылар шаршы алаңда барын салып, үздік өнер көрсетуге тырысып бақты. 90-ға жуық спортшылар қатысқан бəсекеде Ақтау қаласынан келген былғары қолғап шеберлерінің мерейі үстем болып, 1-ші орынды иеленсе, 2-ші орынды Тұщықұдық, ал 3-ші орынды Шетпе ауылы алды. Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль жəне арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Жаңа өмір газеті №53