Кеше Киевте Украина мен Молдова Республикасындағы ҚР-ның елшісі Самат Ордабаев Украинаның премьер-лигасы «Арсенал-Киев" футбол клубының президенті Ивица Пиричті қабылдады, - деп хабарлады sports.kz сайты.
Кездесу Арсенал-Киев Академиясында қазақстандық футболшылардың біліктілігін арттыруға, жаттықтырушылар үшін мастер-класстар мен жаттығуларды ұйымдастыруға, футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған Киев клубы мен Маңғыстау облысының әкімдігінің бірлескен жұмысына арналған. Ивица Пирич ҚР-ның Украинадағы және Молдовадағы елшісіне спорт саласындағы қазақстандық-украиналық ынтымақтастықты дамытуға және футбол кадрларын дайындауға қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.
Sports.kz сайтының мәлемдеуінше, қазіргі таңда «Каспий» футбол клубының екі ойыншысы Алтынбек Мырзабек және Жанболат Нұрғазиев «Арсенал-Киевте» қызу дайындық үстінде. Олардың бас жаттықтырушысы - Италия ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Фабрицио Раванелли.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысының әкімдігі мен клуб арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Мақсаты - өңірдегі футболды дамыту, «Каспий» футбол клубы мен Украинаның «Арсенал-Киев» арасындағы әріптестікті күшейту. Сондай-ақ маңғыстаулық талантты жас футболшылардың шеберлігін шыңдау үшін шетелдік клубтарға жолдама беру және инфрақұрылымды дамыту көзделген. Меморандум шеңберінде маңғыстаулық екі футболшы «Арсенал-Киевке» жолдама алған болатын.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Сурет sports.kz сайтынан алынды