Ақтау қаласындағы Шоқыр Бөлтекұлы атындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары таңертеңгі 7:00-де «Ынтымақ» алаңына жиналып, таңғы жаттығу жасап, бой сергітті.
Спорт мектебінің басшысы Мұрат Бейсенбаевтың айтуынша, олар қала тұрғындарының арасында бұқаралық спортты дамыту, денсаулықты нығайтуды мақсат етіпті. Таңғы жаттығуға 60-қа жуық адам қатысқан. Олардың қатарында спортшылар, жаттықтырушылар, олардың отбасылары және қызығушылық танытқан, спортты жанына серік еткен қала тұрғындары болды.
"Алда, атап айтқанда, 19 тамызда кәсіби мерекеміз – Спорт күні келе жатыр. Осы атаулы мерекеге орай Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен таңғы жаттығуды өткізіп отырмыз. Барлық спортшыларды, федерацияларды, жаттықтырушыларды Спорт күнімен құттықтай отырып, барлығына сәттілік, жеміс пен жеңіс тілеймін", - дейді Мұрат Жаналыұлы.
Жаттығу аяқталған соң алаңда ушу спортымен айналысатын жасөспірімдер өз өнерлерін көрсетті. Бұл - спорт мектебінің тәрбиеленушілерінің алда келе жатқан Спорт күніне орай жаттықтырушыларға, бүкіл Маңғыстау спортшыларына арнаған тартуы.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ