Үлкендерден «Алысқа шабар жүйрік бол, Намысқа шабар жігіт бол» деп бата алған ұлдың бірі – Сұңғат Жұбатқан біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Спортшылар династиясын жалғаған өрен әлем алдында өз отбасының ғана емес, ел-жұртының атын әйгілеп, беделін биіктетіп келеді. Боз кілемде талайды тізе бүктіріп, мойнын медальмен, қоржынын халқының алғысымен толтырып жүрген чемпионның сұқбатына көз жүгірте отырыңыз.
- Сұңғат, қайырлы күн. Алдымен өзің жайлы қысқаша айтып өтсең.
- Маңғыстау ауданы, Шетпе селосының тумасымын. 1998 жылы 19 мамырда дүниеге келдім. №2 Берекет Жұмалиев атындағы орта мектепке 1 сыныпқа бардым. 7 сыныптан бастап Астана қаласы Қ.Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатына түсіп, 11 сыныпты сонда тәмамдадым. Кішкентай Сұңғаттың қазіргімен салыстырғанда өзгешелігі өте көп. Шыны керек, бала күнімде өте тентек болдым (күліп). Шамамен 11-12 жасым болуы керек, үйдегі көлікті рұқсатсыз айдап кетіп, соғып алғаным бар.
- Қазір енді студентсің. Қандай мамандықты игеріп жатырсың?
- Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина факультетінің дене шынықтыру және спорт мамандығында оқып жатырмын.
- Спортшылар әулетінен шыққан екенсің. Бауырларың да спортпен айналыса ма?
- Иә. Отбасында інім және екі қарындасым бар. Інім – Нұрсұлтан да дзюдомен шұғылданады. Бірнеше жарыстан жүлде алды, Еуропа чемпионы. Қарындасым – Аққуым көркем гимнастикаға қатысып жүр. Кенже қарындасым 2 жаста.
- Қалай ойлайсың, спортшылар әулетінен шықпағанда бұл жолды таңдар ма едің?
- Мен алғашында футбол үйірмесіне қатысып жүрдім. Ұнамады, сондықтан боксқа ауыстым. Бокстан аудандық сайыстарға қатысып, жүлде алып жүрдім. Одан волейбол үйірмесіне келдім. Қысқасы, спорттың біраз түрін көріп, соңында дзюдоға тоқтадым. Өзіме күрескен ұнады, икемділігім болды, бірінші жарыстан-ақ жүлдеге іліктім. Бір жағы әкемнің де кеңесі болды. Сөйтіп 8 жасымнан бері дзюдомен айналысып келемін.
- Осы үйірмелерге қатысып жүріп, спорттан өзге нәрсемен айналысу туралы ой келмеді ме? Мысалы, ән, домбыра үйірмесіне бару...
- Иә, домбыраға да қатыстым. Оған да икемім келмеді. Жан-жақты барлығын көріп, соңында үйірімді таптым ғой (күліп).
- Әлем чемпионатының күміс, қола жүлдесін иелендің, Қазақстан, Азия, Еуропа чемпионысың. Көшеде халық танитын болар?
- Иә, кейде таниды. «Сен күресетін бала емессің ба?», «Сені теледидардан көрдік, чемпион емессің бе?» деп айтып жатады.
- Үнемі жүлде алып, чемпион болып жүрген спортшы жеңіліс тапқанда қандай сезімде болады?
- Ой, оны айту деген... Көңіл-күйің түсіп кетеді, өзіңді кінәлі сезінесің. Басқа мемлекетте болсаң, еліңе келгің келмей... Елің саған қарамайтын сияқты көрінеді. 4-5 күн сондай сезіммен жүреміз.
- Мұндайда бапкерлер қандай қолдау көрсетеді, қандай кеңес береді?
- Жарыстан соң жиналыс өтеді. Сол кезде жіберген қателіктер мен кемшіліктер айтылады. Оларды әрқайсымызға жазып береді, сонымен жұмыс жасаймыз. Жеңіліп қалған болсақ, бапкерлеріміз сағымызды сындырмай, керісінше қолдау білдіреді. «Барынша ұмытыңдар, өткен нәрсеге бастарыңды ауыртпаңдар» деп жігерлендіріп отырады.
- «Осымен күрескенде сақ болу керек, жеңіп кетуі мүмкін» дейтін, қауіптенетін қарсыласың бар ма?
- Мен 66 келі салмақта күресемін. Қазақстанда бұл салмақта күресетіндер өте көп және барлығы шетінен «сен тұр, мен атайын». «Мынау мықты, анау осал» деп айта алмайсың. Себебі бір жарыста мықты өнер көрсеткен адам келесі сайыста осалдық танытуы мүмкін, немесе керісінше. Менде «Осы адамнан ұтылып қаламын-ау» деген ой жоқ. Себебі қарсыластың қандай екені жарыс үстінде белгілі болады. Мысалы, бірінші айналым аяқталған соң байқайсың.
- Сондай адам есіңде ме?
- Иә, есімде. Қызылордалық Марат Жанқожа, шымкенттік Әбдірахманов Бақытжан есімді қарсыластарым болды.
- Дзюдодан өзге қандай қызығушылығың бар?
- Гитарада ойнаған ұнайды, аздап домбыра шертемін. Үстел теннисін ұнатамын.
- Спортшылар карьерасы аяқталған соң бапкерлікке ауысып жатады. Сенің жоспарың қандай? Бапкер болудан өзге таңдау жоқ па?
- Менде бар. Болашақта мемлекеттік қызмет саласына баруды жоспарлап жүрмін. Алдымен бұйырса спортты жақсы нәтижемен аяқтасам деген мақсатым бар. Дегенмен бапкер болуды қаламаймын. Себебі, шынымды айтайын, бапкерлерге жаным ашиды. Спортшының әрбір әрекетін қалт жібермеуі керек, бәріне жауапты, үнемі шаршап жүреді. Негізі бапкерлік – өте қиын жұмыс. Қай жағынан да үлкен жауапкершілік жүктейді.
- Өз-өзіңе көңілің толу үшін спортта қандай жетістікке жетуің керек?
- Әлем чемпионы және Олимпиада жүлдесін алу.
- Демек 2020 жылы Токиоға баруың мүмкін ғой?
- Қазір олимпиадалық іріктеу кезеңдері жүріп жатыр. Барлық спортшы өз деңгейінде олимпиадалық ұпай жинайды. Іріктеудің бірінші жарысына қатыстым, 3 орын иелендім. Әлі алда талай жарыс бар. Олимпиадаға баратын-бармайтынымыз 2019-2020 жылдары белгілі болады. Қазір мына адам барады деп ешкім айта алмайды. Дзюдода бір салмақта бір елден бір спортшы ғана өте алады. Бұйырса барамын деген үмітім зор.
- Өміріңдегі не нәрсеге өте ризасың?
- Ата-анамның, отбасымның аман болып, жанымды жүргені. Қалғаны уақытша нәрселер деп білемін.
- Жақын арада қандай жарысқа қатысасың?
- Алда оқу-жаттығу жиындары бар. Қазан айында Багама аралында жастар арасында Әлем чемпионаты өтеді. Соған дайындаламын.
- Үнемі жаттығуда, жарыста жүресің. Сабаққа үлгересің бе?
- Үлгеремін. Электронды түрде тапсырып отырамын. 4-5-ке оқып жүрмін.
- Күш-қуатты қайдан аласың? Сені не жігерлендіреді?
- Мотивация ғой? Мен оны көбіне музыкадан аламын. Жарысқа шығар алдында «Адай» күйін қосып қойып, бір серпіліп аламын, өз-өзімді солай дайындаймын. Рух беретін қазақтың батырлары жайлы өлеңдерді, күйлерді тыңдаймын. Олар жаугершілік заманның батырлары болса, біз бейбіт заманның батырлары болғымыз келеді. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген әдемі сөз бар ғой. Барынша тырысып, қолдан келгенше ел намысын қорғауға ат салысып жүрміз.
- Алдағы жарыстарыңа сәттілік тілеймін. Әңгімеңе рақмет!
Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттер мен видеоны түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
https://youtu.be/hyyxdUqlApk