Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында фармацевтика саласының жағдайы мен дамуы туралы айтты.
"Өткен жылдың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министрлігіне тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін және дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу бойынша нақты тапсырма берді. Екінші тапсырма бойынша арнайы заң әзірленді. Ол қазіргі уақытта Парламентте қаралып жатыр, жылдың аяғына дейін шешім қабылданады деп сенеміз", - деді Біртанов.
Сондай-ақ, ол 2019 жылдың қаңтар айынан бастап еліміздегі барлық дәріханадағы дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу механизмі енгізілетінін атап өтті.
"Биыл 8 ай ішінде 1,5 миллионнан астам адам тегін дәрімен қамтылды. Жыл соңына дейін 3,5 миллион адам тегін дәрімен қамтылады деп жоспарланған. Түсінікті болуы үшін тағы бір қайталап айта кетейін, тегін дәрі-дәрмектер тізіміне кіретін дәрілер ғана тегін беріледі. Ол емделу үшін қажетті 100% дәрінің 30-ы деп атауға болады. Егер тегін берілетін дәрі-дәрмекті жымқыру не сату сияқты заңсыз жағдай болса, фармация комитетінің жергілікті департаментіне хабарлап айту керек. Ондай жағдайда қажетті әкімшілік немесе құқықтық шешімдер қабылдаймыз", - дейді Елжан Біртанов.