- Дархан, қайырлы күн. Алдымен жеңісіңмен тағы да құттықтаймыз. Сұқбатымызды отбасың, өзің жайлы әңгімеден бастасақ.
- Отбасында әкем, анам, аға-жеңгем және екі баласы бар. Ол кісілер қазір Астана қаласында тұрады. Мен Таразда дүниеге келгенмін, бірақ мектеп табалдырығын Астанада аттадым. №7 мектепте 9 сыныпқа дейін білім алдым. Одан соң колледжге аудармашы мамандығына оқуға түстім. Сонда ағылшын тілін үйрендім. Шетелге дайындыққа, жарысқа барғанда ағылшын тілін білмесең, біраз қиындық туындайды ғой. Қазір университетте спорт және туризм мамандығында білімімді жалғастырып жатырмын.
Өзім Астанада көп бола бермеймін. Мүмкіндік болса, 1-2 апта жанұямның қасында өткізуге тырысамын. Қазір жарыстарға Маңғыстау елінің атынан қатысып жүрмін. Сондықтан көбіне жарыста, дайындықта не Ақтау қаласында боламын.
- Таразда дүниеге келдің. Астанада мектепке бардың, сонда өсіп-өндің. Маңғыстауға қалай келдің? Қандай байланысың бар?
- Бұрын 56 келі салмақта Астана қаласының атынан жарыстарға шығып жүрдім. Кейін одан 62 келіге ауыстым. Бұл салмақта спортшылар көп болды да, мені нәтиже көрсете алмайтындардың қатарына қосып қойған еді...
- Солай ма?
- Иә. Сосын маңғыстаулық бапкер Болат Дүйсембиевке 62 келіде Маңғыстаудың атынан шығу туралы ұсыныс айттым. Жарыстарда кездескенде туған бауырымдай жақын сөйлесетінбіз. Қазір бапкерім (күліп). Сөйтіп Қазақстан кубогі жарысынан бір күн бұрын өзіне қабылдап алды. Ол жарысқа қатысып, алтын жүлдеге ие болдым. Сонда астаналық бапкерлер таң қалған болатын.
- Бұл қай жылы еді?
- 2016 жылы.
- Одан бұрын Маңғыстауға келіп пе едің?
- Иә, жарыстарға келіп жүрдім. Ең алғаш келгенімде есімде, өте қатты ұнады. Ауа-райының жылылығы ұнады. Негізі өзіме суық аймақ жақпайды.
- Яғни, бапкер Болат Дүйсембиевке ұсынысты өзің айттың, ол бірден қабылдады ғой?
- Иә, солай болды, ол кісі бірден қабылдады. Маңғыстаудың балаларымен де жақсы араласатынмын.
- Үздік нәтижелеріңнен кейін бұрынғы облыс қайта шақырмады ма?
- Ондай сәттер болады. Себебі чемпион болып, жетістікке жеткенде көпшілік саған мән бере бастайды. Жақын араласқысы, достасқысы келеді. Тек Астана емес, басқа облыстар да шақыруы мүмкін. Бастысы кіммен бірге биікке көтерілгеніңді, жаныңда кім болғанын ұмытпауың керек.
- Шақырса қайта оралар ма едің?
- Жоқ, Маңғыстауда қаламын. Себебі осы өңірдің арқасында осындай жетістікке қол жеткізіп жатырмын. Әрине, алғашында Астана тарапынан да көмек болды. Бірақ басым қолдау Маңғыстаудан көрсетіліп жатыр.
- Ол қандай қолдау?
- Шетелде дайындықтарымды пысықтап тұруыма, жарыстарға қатысуыма көп септігі тиіп жатыр. Бапкерім Болат ағамның көмегі – өз алдына бір бөлек. Осылай жүлде әкеліп, жақсы нәтиже көрсетіп жүрсең, бәріне жағдай жасалынады.
- Неліктен джиу-джитсуды таңдадың?
- Кішкентайымнан күреске жақын болдым. Ағам өз-өзімді қорғай білуім, шымыр болуым үшін спортқа баруға кеңес берді. Сөйтіп джиу-джитсуға әкелді және бірден ұнады. Көп ұзамай жарысқа шығып, нәтиже көрсете бастағанда ағам маған «Мен сені жарысқа шығу үшін емес, өзің үшін қатыс деп жібердім. Байқаймын, алысқа кетіп қалдың» деді (күліп). Содан ағаммен бірге отбасым да «Спортты қайтесің, ол сені асырамайды, одан да басқа салада жұмыс істе» деп үгіттей бастады. Дегенмен бұдан түбінде бірнәрсе шығатынына сенімді болдым, іштей сездім, сосын да спортты жаным қалап тұратын.
- Спортқа 14 жасымда келдім дедің. Әдетте спортшылар 10 жасқа дейін жаттығуды бастап кетеді. Сен үшін кеш болмады ма әлде джиу-джитсумен айналысу жас ерекшелігіне байланысты емес пе?
- Мен үшін кеш болған жоқ. Негізі 14 жас кеш емес, дегенмен балалар бұдан да ерте бастап жатады. Егер адам өзі тез қабылдап, үйренетін болса, еш қиындығы жоқ, көп ұзамай нәтиже көрсетеді. Джиу-джитсудың бір ерекшелігі осында.
- Спортта қанша уақытқа дейін жүруді жоспарлайсың және карьераң аяқталған соң немен айналысқың келеді?
- Немен айналысатынымды әлі нақты шешпедім. Дегенмен бұйырса кем дегенде спортта әлі 7 жыл жүретінімді білемін.
- Сен үшін спорттағы ең үлкен жетістік қандай?
- Ең үлкен жетістік – Әлем чемпионаты, одан кейін Азия ойындары болған. Әлем чемпионы атануды бала күнімнен армандағанмын. Шүкір, екеуіне де қол жеткіздім. Бірақ, білесіз бе, чемпиондық атақты иеленуден оны сақтап тұру әлдеқайда қиын. Сол деңгейден құлап қалмау біраз еңбекті қажет етеді.
- Спортшы болмағанда кім болар едің?
- Мен де осы туралы ойланғанмын, бірақ басыма ештеңе келмеді (күліп). Бәлкім аудармашы болар ме едім деп ойлап қоямын. Бірақ ол да нақты емес.
- Бапкерің «Азиадада алтын аламыз деп ойламадық, үшінші орын иеленсек те үлкен жетістік деп барғанбыз» деді. Ал өзіңнің ішкі ойың қандай болды?
- Бәріміз дайындықта жүргенде үздік үштікке ілінудің өзі жақсы нәтиже деген пікірлер жиі айтылды. Менде де ең бастысы жарыстан шығып қалмай, орынға ілігу мақсаты болды. Дегенмен ішімде бір күш «Алтын жүлде» деп ұрандап тұрды. Өйткені біраз тер төгілді, жарақаттар болды, көп жұмыс істелді. Соның барлығын ақтау керек деп ойладым.
- Күнделікті жаттығуға қанша көңіл бөлесің?
- Күніне бір рет жаттығу жасап отырамын, ал жарыс алдында күніне екі рет міндетті түрде дайындаламын.
- Азиада чемпионы атанғаннан кейін өзіңде, өміріңде қандай өзгеріс бар?
- Өзімде өзгеріс жоқ (күліп), сол қалпым. Ал сырттай көпшілік тани бастады. Аяғымнан жарақат алған едім. Ақтауда ауруханаға қаралғанымда дәрігерлер танып, тегін қызмет көрсетті. «Сен чемпионсың ғой, тегін емдеп береміз» деп, ілтипатын білдіріп, бірге суретке түсіп, сондай жағдай болған. Ол үшін алғысымды білдіремін.
- Биыл еліміз Азиада чемпионы атанған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындады. Құпия болмаса, бұл қаржыны қандай мақсатқа жұмсайсың?
- Әлі қайда жарататыным белгісіз. Әрине, жартысын ата-анама беремін. Мені өсірген, жан-жақты демеу болған, спорттық жолымда қолдау білдірген сол кісілер. Оны естен шығармау керек. Ата-анамның қасында көп дегенде 2-3 апта ғана бола аламын. Астанада жүрсем де жұмыстарыммен, дайындықпен түзде көп жүруге тура келеді.
- Индонезиядан келгенде елің қалай қарсы алды?
- Өте жақсы қарсы алды. Ең бірінші Астана қаласына келдік. Одан соң Маңғыстауға келгенде қазақ киіммен, ұлттық тағамдармен күтіп алды. Шыны керек, бір ай бойы Таиландта жаттығуда болып қымыз бен бауырсақты сағынып қалыппын. Барлығы сый-сияпатын табыстап, үйіне шақырып, қонақ етіп жатыр. Үлкен рақмет!
- Жалпы елімізде, Маңғыстауда джиу-джитсу спортының дамуы қандай деңгейде деп ойлайсың?
- Өткен жылдармен салыстырғанда деңгейі көтеріліп келеді. Маңғыстау облысында қарқын жаман емес, жақында Шетпе кентінде екі зал ашылды. Мысалы, қазан айының басында Қазақстан чемпионаты болады. Оған көптеген спортшы дайындалып жатыр. Маған да Азия ойындарын ұттым екен деп демалуға болмайды, әрдайым бабымда болуым қажет.
- Демек Қазақстан чемпионатына қатысасың ғой?
- Иә, қатысамын. Қазан айының басында Астана қаласында өтеді. Бұл – Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі. Одан бір күннен кейін джиу-джитсудан Қазақстан Кубогі болады. Бразилиялық спортшымен сол шараның басты жекпе-жегіне шығамын. Онымен белбеуге күресетін боламын. Одан соң бір айдан кейін Швецияның Мальме қаласында Әлем чемпионаты өтеді. Бұйырса соған дайындықты бастаймын.
- Ендеше сәттілік! Жеңіспен оралуыңа тілектеспін!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттер мен видеоны түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
https://www.youtube.com/watch?v=p6Z9nM3XF_4