Маңғыстау облысы мүгедектікке шығушылар саны жөнінен ең жоғары көрсеткішке ие. Яғни Маңғыстау облысында жыл сайын мүгедектікке шығатын адам саны көбейіп отыр. Өңірде қазіргі таңда 25 мыңға жуық мүгедек бар, ол біздің облыстағы 3,7 % құрап отыр(2017 жылы 23 000 мүгедек тіркелген). Оның ішінде мүгедектердің 20 % -балалар. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдіктің мәжіліс залында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
«Мүгедектерді әлеуметтік қорғауда оларды әлеуметтендіру, қоғам өміріне кеңінен тарту - жергілікті атқарушы органдардың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта қазір кешенді, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оларды материалдық қорғаумен қатар, әр түрлі техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз етуге жыл сайын бюджеттен тиісті қаражат бөлініп отыр. Алайда мүгедектік саны жылдан-жылға артуына байланысты әрбір мүгедекке жеке оңалту бағдарламасы, сондай-ақ мүгедекті қоғамға тарту және дені сау адамдармен бірдей жағдай жасау үшін, мүгедектерді техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, оларды шипажайларда сауықтыруымыз қажет. Бұған бөлінетін қаржының артқанына қарамастан, мүгедектерді оңалту мәселесінде облыс көрсеткіші төмен болып отыр», - деді МО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедова.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Шолпан Лазарқызы үйлестіру кеңесінде:
«Биыл қараша айында «Ликотон» жобасын қолға алмақпыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беруді қарастырамыз. Бұл жоба тек республикалық деңгейде ғана жүргізілуде. Алдағы уақытта жобаны қолға алып, кеңітуді жоспарлап отырмыз. Жобаға Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің студенттерін тартпақшымыз. Мүгедектікке қатысты мәселелерді шешіп және міндеттерді орындаймыз» - деді ол.
Мүгедекті қорғау - тек әлеуметтік қорғау саласының мәселесі ғана емес, сонымен қатар білім, денсаулық, құрылыс, спорт, туризм секілді барлық саланың, ведомстволардың жұмысы. Яғни бір орталықта үйлестірілу жұмыстары болған кезде мүгедектердің жағдайы талап етілетін деңгейге жеткізілетіндігі айтылды.
"Мүгедектердің клубы бар. Өткен жылы клуб үшін спорт залы мүмкіндігі шектеулі жандардың талаптарына сай салынған. Спорт саласында параолимпиададан жетістіктер бар: олардың ішінде 15 жас мүгедек халықаралық спорт класының шебері атағына ие болды, 33 мүгедек спорт шебері, 45 мүгедек спорт шеберінің кандидаты болды",2017 жылы мүгедек арбасындағы би республикалық чемпионатынан әлемдік деңгейге шықты. Ал 2018 жылы республикалық турнирден «Aktau Open 2018” байқауынан 40-қа жуық жас мүгедек бишілер республикадан өнер көрсетіп, көпке үлгі болды. Сондай-ақ жаттықтырушыларға және мүгедек спортшыларға ай сайын қажетті қаржысы төленді", - деді Шолпан Лазарқызы.
Сондай-ақ үйлестіру кеңесінде дефектологтар, әлеуметтік педагогтардың аздығы, кадр тапшылығы айтылып, бұл мәселелердің шешу жолдарын атады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ