©
Бүгінгі брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс инфекционист маманы Гүлбану Нұржанова осылай деді. Маман әсіресе жүкті әйелдер өз денсаулығына ат үсті қарамағаны жөн дегенді айтады.
-Жедел респираторлы вирусты инфекцияның 300-дей түрі бар. Грипп соның бір түрі ғана. Вирусқа антибиотик әсер етпейді. Көбіне адамдар үй жағдайында өз бетінше емделеді. «Грипп болып, үйде ампицилин, цефазолин алып жатырмын» деген әңгімені жиі естиміз. Бұл өте қате пікір. Грипп болған жағдайда кез келген препаратты қолдануға, ішуге болмайды. Дәрігердің нұсқаулығымен алу қажет. Сондықтан халыққа ауырған жағдайда үйде қалып, дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес беремін, - дегенді айтады инфекционист Гүлбану Нұржанқызы.
Сондай-ақ аяғы ауыр әйелдердің алдын-ала күтінуі, уақытылы екпе қабылдауының өте маңызды екенін алға тартты.
-Жүкті әйелдер алғашқы үш айда вирусты инфекциямен ауырса да мән бермейді. Бұл өзіне қауіпті болмаса да ішіндегі балаға қаупі өте жоғары. Алғашқы үш айда баланың даму процесі басталады, сонда вирус оның бір жерін зақымдап кетуі мүмкін. Ал соңғы үш айда пневмонияға ұласу қаупі өте жоғары болады. Ол бір өкпені толығымен жаулап алуы мүмкін, сондықтан оны емдеу өте қиын. Аналар өзінің және баласының өмірін сақтау үшін денсаулығына бей-жай қарамағаны дұрыс, - дейді Гүлбану Нұржанқызы.
Айта кетейік, тұмауға, жедел респираторлы вирусты инфекция ауруларына екпе жұмыстары 1 қазаннан бастап жүргізіледі. Тұрғындар тұрғылықты жеріне байланысты тіркелген емханадан екпе қабылдауға болады. Ал ақпылы екпе "Interteach", «Чакур» және "Vital Prestige" клиникаларында егіледі.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА