©
Бұл жөнінде бүгін ӨКҚ-де өткен брифингте Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау демартаментінің басшысы Бекмұрат Өтесінов мәлімдеді. Облыстағы жедел респираторлы вирусты инфекция және тұмаудың алдын алу үшін үшін «Гриппол плю» атты ресейлік вакцинаның 45 мың дозасы сатып алынған.
ДСҰ ұйымының болжамы бойынша биыл үш түрлі штама күтілуде. Олар: Мичиган – А (Н1N1), Сингапур – A (H3N2), Колорадо – B.
-45 мың вакцина сатып алынды. Оның ішінде біз екпе салынатын контингенттерді бөліп қойдық. Жүкті әйелдер, жиі ауыратын балалар, жүрек-қан тамырымен ауыратын адамдар, балалар үйі мен қарттар үйінде тұратындар, медицина қызметкерлері егіледі. Ал өзге тұрғындар ақылы түрде қаладағы "Interteach", «Чакур» және "Vital Prestige" клиникаларында екпе ала алады. Аталған клиникаларда голландиялық (3500 теңге) және ресейлік (1600 теңге) вакцина бар, - дейді Бекмұрат Бұқарұлы.
Мамандардың айтуынша, аталған екпе егілген соң 15-20 күнде иммунитет қалыптасады. Сондықтан ауру нағыз қызатын қаңтар айына қарай ағза оған қарсы тұруға қауқарлы болмақ. Оның күші 1 жылға жеткілікті.
-Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасын былтырғы маусымда да қолданған болатынбыз. Ол иық бұлшық етке салынады. 6 ай мен 3 жас аралығындағы балаларға 0,25 мл көлемінде бір ай интервалымен 2 рет егіледі. Ал 3 жастан асқан балаларға толық доза 0,5 мл мөлшерде салынады, - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Гүлшат Шорбасова.
Өткен жылы вакцинаға 30 млн 502 мың қаражат бөлінсе, биыл 38 млн 664 мың теңге жұмсалған. Бүгінде вакцина барлық аудан, қалалардағы емханаларға жеткізілген.
-Қазіргі таңда маусымдық ауру – тұмауға Маңғыстау бойынша дайындық барысы жақсы. Қосымша емханаларға шақыру мен кеңес беру үшін 64 телефон орнатылып жатыр. Қазіргі таңда 50 автокөлік және 180 төсек орын дайын. Дәрі-дәрмектің бәрі резервте бар, қамтамасыз етілген. Бүгінде Ақтау қаласында 17 Жедел жәрдем бригадасы қызмет етеді, - дейді МО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиев.
Жалпы Маңғыстауда тұмау республика бойынша бірінші анықталады екен. Мұның себебін мамандар облыстың 5 елмен шекаралас болуымен байланыстырады.
-Вирус жан-жақтан келуі мүмкін. Каспий теңізі арқылы бірнеше елмен көрші отырмыз, құстардың ұшып келуі де әсер етеді. Былтыр облыста грипп маусымы қаңтар айының алғашқы аптасында басталды, - дегенді айтты Гүлшат Сырымбетқызы.
Өткен жылы 146 грипп зертханамен расталған. Оның ішінде 65 жағдай балалар арасында тіркелген. Сала өкілдері болашақта екпе алатындар қатарын 70 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА