ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Astana Media Week» қазақстандық медиа-апталық аясында өтіп жатқан Өңірлік БАҚ форумында 45 жылдық мерейтойына орай «Маңғыстау» газетіне Алғыс хатпен марапаттады.
Өңірлік масс-медиа өкілдерінің форумы Астанадағы «ҚазМедиа» орталығында өтіп жатыр. Форумның ашылуына Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, форум қатысушыларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар бұл шараның жылдан-жылға маңыздылығының артып келе жатқанын атап өтті.
«Алдағы уақытта аймақтық форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір», - деген Дәурен Абаев министрліктің өңірлік БАҚ-қа сапалы қолдау көрсетуге дайын екен, ұсыныстар мен бастамаларды қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Министр «Маңғыстау» газетімен қатар биыл мерейтойларын тойлап отырған бірнеше басылымға алғыс хат табыстады. Олардың ішінде 1 ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан «Рудный Алтай» газеті, 95 жылдық тарихы бар «Атырау», «Есиль Нура» (90 жыл), «Жаңақорған тынысы» (85 жыл) газеттері мен 80 жыл бұрын ашылған «Халық Радиосы» радиосы бар.
Естеріңізге сала кетейік, «Маңғыстау-медиа» ЖШС-на қарасты «Маңғыстау» газеті 1973 жылы Маңғыстау облысының өз алдына шаңырақ көтеруіне байланысты сол жылдың 13 сәуірінде «Коммунистік жол» деген атпен жарық көрген. 1990 жылдан бастап газет "Маңғыстау" деп атала бастады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ