Биыл мұсылман жамағатының қасиетті мерекесі Құрбан айт мейрамы қарсаңында үлкен қажылықтың өтелуі басталады. Ислам дінінің бес парызының бірі қажылық парызын орындау. Осы орайда, біз алдағы қажылық хақында мағлұмат алу үшін ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, «Бекет Ата» мешітінің бас имамы, философия ғылымдарының кандидаты Смайыл Сейтбековпен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік. - Смайыл Сүйерқұлұлы, жуырда мұсылман жамағаты Құрбан айт мерекесі қарсаңында қасиетті Мекке қаласына қажылыққа жүргелі жатыр. Мұсылманның бес парызының бірі саналатын қажылық туралы оқырманға тағы бір мәрте айтып өтсеңіз? - Бисмилаһи рахмани рахим. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Қажылық дегеніміз - бұл Ислам дініндегі үлкен ғибадаттың бірі. Алла Тағала адам баласына бес парызды әмір етті. Өздеріңізге белгілі қажылық адам баласының жаны мен тәнімен, малыменен атқарылатын құлшылыққа жатса, ораза мен намаз тәнмен, зекет қаржы және малмен атқарылады. Қажылықтың бір ерекшелігі, жылына тек бір рет қана орындалатын қасиетті құлшылық. Бес уақыт намазды сіз кез-келген таза жерде оқи аласыз, ал оразаны кез-келген елде сол елдің сағатына сәйкес жүрсеңіз де ұстай бересіз, зекет пен садақаңызды әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де бере аласыз, бірақ қажылық тек бір ғана жерде өтеледі. Ол қасиетті Мекке қаласында. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Сіздерге қажылық парыз болды. Қажылықтарыңызды өтеңдер», - дейді ғой. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім қажылықтың шарттарын толық орындап, барып келетін болса, анадан жаңа туғандай болады», - дейді. Бұл бәрінен пәк, бүкіл күнәсі кешіріледі деген сөз. Сол үшін бұл қажылықтың үлкен сауапты ғибадат екені исі мұсылманға мәлім. Сондықтан да жағдайы келгендердің көпшілігі осы қажылықты өтеуге тырысуы қажет. - Биыл елімізден қажылық парызын орындау үшін үш мыңнан астам жамағат аттанбақ екен. Жылдағы көрсеткіш бұрынғыдан артып келе ме? - Біздің елімізде 18 миллионнан астам халық тұрады. Биыл бізге тағайындалған квота 3200 санын құрайды. Бұл дегеніміз 18 миллион жарымнан астам халқы бар біздің елге өте аз. Қажыларға қызмет көрсетуші 18 компанияның ұйымдастырумен Алла қаласа 30 шілде күні түсте Шымкент, ал кешке қарай Ақтаудан тікелей рейс қасиетті Джидда мен Медина қаласына ұшады. Биыл да бұрынғыдай Қазақстаннан аттанатын жамағатқа арналып Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау қалалары арқылы тікелей рейстер қызмет көрсетеді. Батыс аймағы бойынша тек Ақтаудан ғана ұшады. - Сонда қажылыққа баратын жамағатқа қиындық түспей, барлық жағдай жасалынып отыр ғой? - Иә, дұрыс айтасыз. Өткен ғасырларда ата-бабаларымыз 3-4 айдай жол азабын тартып, қиналып жетсе, қазіргі дамыған әлемде 3 - сағатта қасиетті қалаға ұшақпен мұрсатта жетесіз. Бұл дегеніміз қажылық парызын орындаушылардың жол азабын көрмей, қиналмай барып келу деген сөз. - Биылғы армандарына асық боп, қажылыққа аттанғалы отырған жамағат қауымға тілегіңіз қандай? - Алла Тағала әмір еткен мұсылманның бес парызының бірі қажылық өтеуші жамағатымызға жол болсын дейміз. Аман-есен құлшылықтарын өткізіп, мол сауапқа ие боп, еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін тілейтін дұға-тілектерін қабыл еткей дейміз. - Алтын уақытыңызды бөліп, тұшымды жауап бергеніңіз үшін Алла Тағала разы болсын!
Сұхбаттасқан Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ