Кәсіпкерлер мүддесі қорғалуы тиіс
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдегі кәсіпкерлік өрісін кеңейту, мемлекет тарапынан қолдау көрсету жайы талқыланды. Алдымен Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұқанбетжан Көбеген бүгінгі таңда шағын және орта бизнес субьектілері санын арттыру арқылы жергілікті өнімнің үлесін арттыруда жүзеге асып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. «Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштері бойынша ағымдағы жылдың 1 шілдесінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субьектілердің саны 53 мың 574 бірлікті құрап отыр. Осы жылдың соңғы үш айындағы мәліметке сәйкес онда жұмыспен қамтылғандар саны 114 мың 554 адамды құрады. Сонымен қатар шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім 262 млрд. 60 млн теңгені құрап отыр. Облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы - 2020», «Еңбек» мемлекеттік және «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында алты айдың қорытындысы бойынша 96 жоба 2 млрд. теңгеге қолдау тауып, 239 жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Алайда қаражаттың жеткіліксіз болуына байланысты субсидия құралы тоқтап тұр. Субсидия құралына 565 млн теңге сұратқан болатынбыз. Жыл сайын республикалық трансферттен 1 млрд. 55 млн теңге бөлініп отыр. Бірақ бұл қаражаттың өзі жетпейді. «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,9 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы басқармасына ауылдық елді мекендерді қаржыландыруға 1,2 млрд. теңге, кәсіпкерлік басқармасына 699,3 млн. теңге қалалар бойынша қаржландыруға бөлінді. Жарты жылдың ішінде 70 жобаға 363 млн. теңге беріліп, 91 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. «Нұр капитал» бағдарламасы аясында 97 жоба 1,9 млрд. теңгеге несие алып, 812 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бағдарлама қаражатын Жаңаөзен қаласы және Мұнайлы ауданы қарқынды игеруде. Қалған аудандарға да тапсырмалар түгел берілді. Қазіргі таңда жұмыс жалғасып жатыр», - деді Маңғыстау облыстық Мұхамеджан Көбеген. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Маңғыстау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұхтарұлы кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқығын қорғауға, бизнеспен айналысуға қолайлы орта құруға бағытталған басты іс-шараларға бір тоқталып өтті. «Маңғыстау облысы экономикасы қарқынды даму көрсеткішіне ие. Облыс экономикасының негізгі жетекші күші мұнай өнеркәсібі екендігі мәлім. Ірі кәсіпкерлік жобалар да осы сала шеңберінде іске асуда. Десек те соңғы жылдары логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және туризм саласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды істер атқарылуда. «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдар арасында бизнес өрісін кеңейту, өндіріс көлемін молайту мақсатында өзара тығыз байланыс орнап, өз жемісін беруде. Қазіргі таңда кәсіпкерлер құқығын қорғау, өз ісін өркендету үрдісінде кезігетін кедергілерді еңсеруге жан-жақты қолдау таныту қолға алынды. Мәселен, соңғы 5 айдың қорытындысына көз жүгіртсек, кәсіпкерлер палатасына 189 өтініш-шағым келіп түскен. Оның 70 пайызы кәсіпкерлік субьектілердің заңды мүддесін қорғау бағыты бойынша екендігін атап өткен жөн. Оның 40 пайызы бүгінгі таңда өз шешімін тапты. Кәсіпкерлер көбінесе жер қатынастары, тарифтерді есептеуді, газбен қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыруда орын алатын түйіткілді тұстар бойынша шағымданады. Бұл мәселелердің алдын алу бағытында бірқатар әс-шаралар қабылдануда»,- дейді Нұрлыбек Мұхтарұлы. Десек те «Өңірде кәсіпкерлікті дамыту, жаңа кәсіпорындарын ашу, жұмыссыздықтың алдын алу және азайту бағытында жасалған жұмыстардың есебі және «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының хабарламасы» туралы мәселені облыс әкімі орынбасарының және облыстық кәсіпкерлікті дамыту және сауда басқармасы басшысының іссапарда болуына, талқылау барысында кеңес мүшелерінің сұрақтарына тұшымды жауап беретін қызметкерлердің болмауына байланысты мәселе қайта қарауға қалдырылды.Абаттандыру ісі алға баспай тұр
Басқосуда қала аумағын көгалдандыру, жасыл желектерді суғару мәселесі де қызу талқыға түсті. Бұл бағыттағы заңнама мазмұнына өзгерістер мен түзетулер ендіру жөнінде қоғамдық кеңес мүшесі Орынбасар Тоғжанов баяндама жасады. «Соңғы кездері мемлекеттік сатып алулар жөніндегі заңға өзгерістер енуіне байланысты және Үкіметтің екі, Қаржы министрлігінің бір қаулысымен елді мекендердегі экологиялық жағдайды жақсарту ісі кері кетуде. Өзіңіз куә болып жүргендей ағаштар қурап, бұталар күйреп барады. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы 1181-қаулысының мазмұнына үңілсек, мүгедектерден сатылып алынуға тиісті қызметтер тізбесінде көгалдандыру мен аббаттандыру жұмыстары алдымен тұр. Сонда заң аясында аббаттандыру міндеті ең алдымен мүгедектер мойнына жүктелген. Осыған байланысты Қаржы министрлігінің 2015 жылғы 23 желтоқсанындағы 667-бұйрығына сәйкес конкурс немесе аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алулар қорытындылары шығарылғанға дейін және мемлекеттік сатып алулар туралы шарт күшіне енгенге дейін күн сайынғы үздіксіз жүргізілетін қызметтер тізбесіне ғимараттарға жапсарлас аумақты аббаттандыру, көгалдандыруды жүргізу және ғимараттардың ішіндегі жасыл екпелерді күтіп баптау жатқызылған. Бұл жердегі басты қарама-қайшылық қала аумағындағы көгалды баптау күнделікті жұмыс емес, тек қана әр мекеме ауласы мен ғимарат ішіндегі жасыл екпелерді күтіп, суару ғана үздіксіз жүргізілетін жұмысқа балануы деп білемін. Менің басты ұсынысым мүгедектерге тек ғимараттарға жапсарлас аумақтарда өсетін көгалды баптау міндетін бөліп беріп, жалпы облыс бойынша абаттандыру, көгалдандыру міндеті тиісті мемлекеттік мекемелерге жүктелуі жөн деп санаймын», - дейді О.Тоғжанов. Жаңа түзетулер енгізілген заң жобасын жоғары жаққа жолдау бойынша О.Тоғжановтың ұсынысы қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қолдауға ие болды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы ҚР Заңына және одан туындайтын құқықтық–нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар қабылдынды. Ұсыныстарды Парламентіне, ҚР Үкіметіне және тиісті министрліктерге жолдауға шешім қабылданды.Электронды қызмет үлесі артуда
Келелі жиын барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік. корпорациясы» КЕ АҚ Маңғыстау облысы. бойынша филиалы – «Халыққа қызмет. көрсету орталығы» департаментінің директоры Б.Байжігіт биылғы 5 ай ішінде атқарылған қызметі жөнінде есеп берді. «Мемлекеттік қызметтер реестріндегі 742 қызметтің 635-і, яғни 85 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді 14 фронт-офис, 3 мобильдік ХҚКО жүзеге асырады. Ал қызмет көрсету үрдісін облыс бойынша фронт-офистерде орнатылған 76 бейнебақылау камерасы арқылы ахуалдық орталық бақылайды. 2018 жылмен салыстырғанда мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген қызмет санының төмендегенін атап өту қажет. Осылайша, көрсетілген қызметтердің жалпы саны 773 613 -тен 446 616-ға кеміді, ал электронды түрде 352 102-ге төмендеді. Ол өткен жылы атқарылған жұмыстың нәтижесінде сервистер мен интеграциялар санының 2 есе артқандығымен түсіндіріледі. Бұл мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы азаматтардың қатысуынсыз ақпаратпен алмасу деңгейінің артуына алып келді. Маңғыстау облысы бойынша Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарында 3 мобильді ХҚКО қызмет көрсетеді. Кестеге сәйкес мобильді ХҚКО айына 2 рет шалғай елді мекендерге сапар шегеді. Есептік кезеңде «Жылжымалы ХҚКО» 134 мәрте іссапарға шығып, 2 319 мемлекеттік қызмет көрсетті. Азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік корпорация 60/40 жаңа қағидасына сәйкес, фронт-офистерді кең ауқымды трансформациялауды 2018 жылы бастаған болатын. Бұрын жұмыс орындарының 80 пайызы операторларға тиесілі болса, ал қазір барлық фронт-офисте жұмыс орнының 60 пайызы өзіне-өзі қызмет көрсету секторына берілген. Онда азаматтар «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық қызметтерді өз бетінше ала алады. Нәтижесінде «электрондық үкімет» порталында жұмыс істеу және электрондық қызметтерді пайдалануға 484 мыңнан астам кеңес берілді. 30 191 004 теңгеге транзакция жүргізілді. Тағы бір әлеуеті зор бағыт – шетел азаматтарына көрсетілетін қызметтерді жеңілдету. Бұл еліміздің инвестициялық климатын жақсарту үшін де пайдалы. Оны іске асыру үшін мемлекеттік корпорация Ішкі істер министрлігімен бірлесіп 2018 жылдың 1 желтоқсанында көші-қон орталығын жұмысқа қосты. Мұндай орталық шетел азаматтарына еңбек етуге рұқсат алу үрдісін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік берді. Есептік кезеңде 5 462 қызмет көрсетілді. Бұл орайда, айта кететін өзекті мәселе көші-қон орталықтарында ЖСН-ді бекіту бойынша салық департаментінің мамандары отыру қажет болатын. Алайда, бүгінгі күні көші-қон орталығында аталған мамандар қызмет көрсетпейді. Бүгінгі күні шешімін таппай отырған бірнеше өзекті мәселелер бар. Алдымен, Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр өкілдігінде қызмет алушыларға барлық түрдегі мемлекеттік қызмет көрсетіліп келеді. Алайда, құжаттандыру мен тұрғылықты жеріне тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілмей тұр. Бұл мәселе арнайы база мен Ішкі істер департаментінің қызметкерлерінің жоқтығына байланысты туындап отыр. Осы қызметтерді алу үшін, жергілікті тұрғындары аудан орталығына қатынауы қажет. Осы аталған мәселе біздің тарапымыздан бірнеше рет көтерілген болатын, алайда күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Сондай-ақ Мұнайлы ауданы бойынша халық санының өсуіне байланысты халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратын салуды қолдауды сұраймыз. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, дайын жағдайда тұр», - дейді Е.Байжігіт. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде салмақты ұсыныстар ортаға салынып, ортақ шешімдер қабылданды. Сондай-ақ Маңғыстау ауданы Онды ауылының кіре берісіндегі ауыл төлқұжатын қайта жасау жөніндегі эскиздік жоба қоғамдық кеңеспен мақұлданып, облыс, аудан басшыларына ұсыныстар берілді. Өлкеге еңбегі сіңген қайраткер Тобанияз Әлниязұлы ескерткішін жаңғырту туралы мәселе талқыланды. Нәтижесінде облыс әкімдігіне ескерткіш жобасына ашық конкурс жариялап, оны мамандар мен қоғамның түрлі саласының өкілдері енгізілген арнаулы комиссияда келіскен соң, жаңадан қайта салу жөнінде ұсыныс әзірленді.Голрох ЖЕМЕНЕЙ