Әр отбасы аптасына кемінде 2-3 шелек қоқыс шығарады. Сол қоқысты бөлек-бөлек сұрыптамастан қоқыс жәшігіне төгіп жатырмыз. Ол қоқыс қалдықтары полигонға жеткізіледі. Осылайша полигондағы қоқыс күн санап өсуде. Маңғыстауда оны сұрыптаумен, іріктеумен кім айналысады? Өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, полигондағы қоқыстарды азайту жұмыстары жайында Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековпен сұқбаттасқан едік.
- Сәлеметсіз бе, Дүйсен Темірұлы! Маңғыстау тұрмыстық қалдықтарын кәдеге жаратып отыр ма? Біздің өңіріміз қоқысты сұрыптап, кәдеге жарату бойынша мақтана ала ма?
- Әрине, өңірде 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілген. 2018 жылы Жаңаөзен қаласындағы қоқыс өңдейтін комбинат 1468 тонна қоқыс іріктеді. Айта кетелік, бұл комбинат жылына 50 мың тонна қоқысты өңдей алады. Осы іріктелген қалдықтан шатыр жабыны, төсеуіш тас, жиек тас секілді құрылыс материалдары шығарылды. Сәуір айында «Көктем» МКК полигонында «GLOBAL ECOSORT» ЖШС өз қаражаты есебінен сұрыптау желісін орнатып, іске қосты. Жыл соңына дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге арналған қосымша жабдықты орнатуды жоспарлап отыр. Осылайша, инвестор сұрыптау станциясын салуға өз қаражаты есебінен 74,75 млн теңге жұмсады. Бүгінде 2776 тонна қалдық сұрыпталып, экспортталды. Олар жергілікті бюджетке экспорттан түскен таза пайданың 20 пайызын төлейтін болады.
Сонымен қатар Мұнайлы ауданы Басқұдық елдімекенінің іргесінде орналасқан «АктауТазаҚала» ЖШС жылына 50 000 тонна қалдық сұрыптайтын станциясының құрылысын аяқтады. Қазір эмиссияға рұқсат құжаттарын рәсімдеп жатыр. Бұл станция полигонға көмуге тыйым салынған 8 фракция бойынша қалдықтарды сұрыптайды. 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Жергілікті инвестор станцияны салуға өз қаражаты есебінен 108,900 млн теңге жұмсады.
2019 жылдан бастап аталған екі станция қала және жақын маңда орналасқан барлық елдімекеннің қоқыс тасымалдайтын компанияларына қызмет көрсете алады. Егер «Көктем» МКК полигонына жылына 120 000 м3 немесе 42,377 тонна қоқыс тапсырылса, қала іргесіндегі екі сұрыптау станциясы 100 000 тоннаға дейін сұрыптай алады.
Оған қоса, 2015 жылы «Eco-Operating» ЖШС Ақтауда халықтан энергоүнемдеуші сынапқұрамды шамдарды жинайутын 27 контейнер орнатты. Олар 2018 жылдың 9 айында 38 385 дана сынапқұрамды шамды жойды.
- Биыл Маңғыстауда полигондарға неше тонна қалдық әкелінді?- 2018 жылдың 8 айында облыс көлемінде 129 521 тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, оның 10 254 тоннасы немесе 7,92% кәдеге жаратылды.
- Маңғыстаудың қоқыс-қалдықтарын кім жинап, сұрыптап жүр? Атап өтіңізші.
- Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлектеп жинау, қайта өңдеумен «IT ProfService» ЖШС, ЖК «Маңғыстауагро», «EcoWeste Aktau» ЖШС, ЖерАнаГрупп, «КАЗ пол» ЖШС, «ЭКО+КZ» ЖК, «Қала жолдары»ЖШС, «Каспий Вторчермет» ЖШС айналысады. Бұл компаниялар өз қаражаты есебінен макулатура, пластик, электр жабдықтарды жинап, сақтап, қайталама шикізатты еліміздегі кәсіпорындарға қайта өңдеу үшін жолдаумен айналысады. Сондай-ақ қала бойынша және білім беру мекемелеріне торлы контейнерлер орнатып, арнайы қалдықтарды қабылдау пункттерін ашты. Жиналған қалдықтарды облыстағы, өзге қалалардағы және Ресейдегі қалдықтарды қайта өңдейтін мекемелерге сатады. Мәселен, ЖК «EcoWeste Aktau» Ақтау қаласы бойынша 3 жерден, «ЖерАнаГрупп» ЖШС 1 жерден қабылдау пунктін және «IT ProfService» ЖШС Мұнайлы ауданы бойынша 1 жерден қабылдау пунктін ашты.
- Қазір облыстағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигондардың күйі қалай?
- Облыста 8 рұқсатсыз және 9 арнайы рұқсаты бар қоқыс жинақталған жерлер және 8 барлық санитарлық талаптарға сәйкес келетін тұрмыстық қатты қалдықтарын көму полигондары бар. Осы қалдықтарды көму полигондары облыс халқының 89,9% қоныстанған Ақтау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында, Бейнеу, Құрық, Шетпе, Жетібай ауылдарында, сондай-ақ Қаламқас кен орнында орналасқан.
- Тұрмыстық қалдықтарға арналған полигоннан өзге полигон бар ма?
- Облыста тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарынан бөлек 33 өнеркәсіптік улы қалдықтар полигоны бар. Сондай-ақ өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеумен «МАЭК - Казатомпром» ЖШС, «Батес» ЖШС, «Эколайн-Казахстан» ЖШС, «Экотерра» ЖШС, «НПФ Азия Групп» ЖШС, ЖК «Сәт», «Z building supply» ЖШС, «Экопроект» ЖШС, «Триумф Казахстана» ЖШС, «Ландфил» ЖШС, «Вест Дала» ЖШС, «Экотром» ЖШС, «Триумф Казахстан» ЖШС, «Калжан Курылыс» ЖШС, ЖК «Едильбаева», ЖК «Тлеубаева», «Эко Техникс» ЖШС, «Шагала Сервис» ЖШС және т.б. мекемелер айналысады.
- Қалай ойлайсыз, қалдықтарды кәдеге асыратын компаниялар көбейсе полигондарды азайтуға бола ма?
- Әрине, қалдықтар полигонға төгілмей қайта өңделіп, кәдеге жаратылса жаңа полигон салу қажеттілігі болмай, қолданыстағыларының жұмыс мерзімі ұзарады. Оған қоса, ҚР Экологиялық кодексіне сай 2019 жылдан бастап пластмасса қалдықтарын, макулатура, картон және қағаз қалдықтарын, шыны қалдықтарын полигонға көмуге тыйым салынған. Яғни, қоқысты кәдеге асыру – кезек күттірмейтін іс.
Айта кететін жайт, 2015-2017 жылдары Ақшұқыр, Таушық және Ақжігіт ауылдарында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2014-2015 жылдары 7 елдімекенге полигон салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген болатын.
Алайда қазіргі уақытта бюджеттен ақша бөлінбей, техникалық экономикалық негіздемесінің мерзімі өтіп кетті.
- Дамыған елдерде қалдықтарды полигонда сұрыптаумен қатар, әрбір тұрғын өз үйінде қоқысты бірнеше жәшікке бөліп салу да жолға қойылған. Бізде мұндай үрдіс қашан қалыптасады? Ол үшін насихат жұмыстары жүргізіле ме?
- Әрине, ол үшін біз баланы балабақшадан, мектептен бастап тәрбиелеп, қоқысты сұрыптауды үйретуіміз қажет.
Осыған орай 2018 жылдың сәуір айында оқушылар арасында бірнеше облыстық іс-шаралар өтіп, онда қалдықтарды қайта өңдеуге ерекше мән берілді. Оқушылар қайта өңделген бір тонна қағаз қалдығы 17 ағашты кесуден аман сақтап қалатынын есептеп шығарды, сөйтіп жердің экологиялық жағдайын жақсартуға әркімнің үлес қоса алатынын дәлелдеді.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жасөспірімдердің осы патриоттық, азаматтық бастамасымен, өлкедегі барлық білім беру мекемелерінде «26 мамыр – қағаз қалдықтарын жинау күні» акциясын жариялады. Акция барысында кәсіпкерлерге 5 тоннадан астам қағаз қалдықтарын тапсырды.
2018 жылы 10 шілдеде басқармада тұрғын-үй қорына қызмет көрсету ұйымдарының және жеке кәсіпкерлердің қатысуымен қайта пайдаланылатын қалдықтар фракцияларын бөлек жинауды және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша бірлескен отырыс өтті.
- Сұқбатыңызға көп рахмет!Сұқбаттасқан Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ