Израильде өткен «Venera Cup» турнирінде үш спортшымыз түрлі дәрежедегі жүлдені қоржынға салды. Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі төреші, Кеңес Одағының бірнеше дүркін чемпионы Венера Зарипованың құрметіне өткізілетін «Venera Cup» халықаралық турнирі биыл 8-рет ұйымдастырылды.
-11 мемлекеттен гимнасшылар келіп қатысты. Мен үш спортшы қызымды апардым. Бәрі де жүлделі қайтты. Жекен Дария (2011 ж.т.) бп, доп және көпсайыстан алтын жүлдеге ие болды. Қибасова Аяулым (2008 ж.т.) секіргіштен 1 орын, доптан 3 орын, көпсайыстан 3 орын алды. Ал Жаңбыршиева Жансая (2007 ж.т.) таяқпен және таспамен өнер көрсетуден 1, доптан 2, көпсайыста 2 орын иеленді, - дейді жаттықтырушы Бибігүл Ерназарова.
Турнирге Ресей, Польша, Германия, Жапония, Кипр, Словекия сынды елдердің спортшылары жиылған. Ал Қазақстанның Маңғыстаудан өзге Алматы, Шымкент қаласынан үміткерлер қатысқан.
Жаттықтырушы алда өтетін сайыстарға, соның ішінде Ресейдің Волгоград қаласындағы турнирге дайындалатынын айтты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді ұсынған Бибігүл Ерназарова
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66008,66009,66006,66004,66011"]