Маңғыстау облысында жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер учаскелерін алу үшін 166 312 адам кезекте тұр. Бүгінде барлық елді мекендердің бас жоспары жасалған. Бірақ Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер қаралмаған, басқа аудандардың бас жоспарында 26820 учаске қаралған. Бұл туралы жер қатынастары мәселесіне қатысты жиында айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жиында 2017-2018 жылдары пайдалану мерзімінің өтуіне байланысты қайтарылған жер учаскелері туралы мәлімет берілді. Аймақта соңғы екі жылда көлемі 26 413,87 гектар болатын 452 игерілмеген жер учаскесі анықталды. Бүгінде көлемі 20 733,2054 га болатын 171 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Соңғы жылдары жердің мақсаттық нысанын ауыстырып, басында белгіленген жоспардан басқа нысан салып қою дерегі жиілеген. Әсіресе Түпқараған мен Мұнайлы аудандарында осындай заңбұзушылық көп кездеседі. Бейнеу ауданында заңсыз берілген жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазір Жаңаөзен қаласында 18 жер учаскесі бойынша сот процесі жүріп жатыр. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңбұзушылыққа жол берген жер саласына жауапты аудан әкімдерінің орынбасарларын, жер, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма берілген. «Жер қатынастары саласының мәселелері - Маңғыстау облысы әкімінің қадағалауындағы өзекті бағыттардың бірі. Игерілмеген не мақсатына сай игерілмеген жерлерді анықтау, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп, бірнеше жиналыс өткізіліп, оқу-әдістемелік кітапшалар таратылып жатыр», - деп хабарлады облыс әкімдігіндегілер.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ, Көрнекі сурет сайттың архивінен