Бүгін Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Қос тарауды қамтыған мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы іспеттес. Ол «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» атты екі тарауды негіз еткен. Алғашқы тараудың әр тармағына ұлы даланың 7 қыры арқау болған. Олар: «Атқа мәні мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны».
«Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты», - дей келе Елбасы екінші тарауда бұл жұмысты қолға алуға бағытталған бірнеше ірі жобаларды көрестеді. «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі».
Бүгін Маңғыстаудың зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері Елбасы мақаласына қатысты пікір білдірді. Мақалада қозғалған тақырыптардың өңірмен байланысына тоқталып, алға жүктелген міндеттерді сөз етті.
«Бұл мақаланы оқып, істеген ісімізді, сөйлеген сөзімізді, ойлаған ойымызды бір жолға еске алып, шынымен де босына өмір сүрмеген екенбіз деген ойға келдім. «Мәдени мұра» бағдарламасынан басталған «Рухани жаңғырумен» жалғасқан бүгінгі «Ұлы даланың 7 қырымен» анықталған еліміздің мыңдаған жылдық тарихы, өткен қиын жолы, сәулетті болашағы көз алдымызға елестегендей. Қай-қайсысы да халықтың құптауына ие болып, жоғары баға алып, іске асып жатыр. Жеке өз басымнан айтар болсам, 2016 жылы Мұнайлы ауданы Батыр ауданының мектебінде «Абай әлеміне саяхат» клубын құрдым. Оның мақсаты – жастарымыздың рухани болмысын, Абай айтқандай, толық адам дәрежесіне сәйкестендіру. Ұрпақ тәрбиесіне кіріскенде өте зор мән беру керек. Кей-кейде балаларға айтып қоямыз «Айналайындар, сақ болыңдар, қазір жастардың санасы үшін соғыс жүріп жатыр. Сондықтан олардың санасын өз еркімен қазақылыққа, ұлтжандылыққа бейімдеу қажет», - дегенді айтты ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сайын Назарбек.
Ал археолог, өлкетанушы Андрей Астафьев Маңғыстау өлкесінің мақаланың әрбір тармағына қатысты ерекшеліктерін айтып өтті.
«Тарихсыз халық, халықсыз тарих болмайды» деген сөз бар. Тарихты білу, түп-тамырыңды тану, салт-дәстүріңді құрметтеп, өзіңнен кейінгіге аманаттау – бәрімізге міндет. Мақалада қозғалған барлық деректер біздің өлкемізден табылады. Атқа міну мәдениеті, металлургия болсын, аң стилі болсын, кез келгеніне біздің мекеннің толықтай қатысы бар. «Маңғыстауда неге Алтын адам жоқ?» дегенде «Біздегі алтын жарқырамайды, біздің алтынымыз – тастар» деген болатынмын. Яғни тарихқа тұнып жатқан тастарымыздың өзі - біздің үлкен қазынамыз. Ал «Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны» деген бөліміне қандай қатысымыз болуы мүмкін дерсіз. Бұған да байланысымыз бар. Себебі Маңғыстауда қызғалдақтың екі түрі өседі. Сисем ата қорымы жанынан шренк қызғалдағын кездестіруімізге болады», - дейді ол.
Журналист, ақын, «Рухани Жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің өкілі Гүлайым Шынтемірқызы да тарихымызды бүгінмен сабақтастыра келіп, мақала жайлы айтылған пікірлерге үн қосты.
«Қаржылық дағдарыс деген секілді бізде саналық дағдарыс орын алған. Одан қалай шығамыз? Елбасының бағдарламалары мен мақалалары саналық дағдарысты жаңғыртуға бағытталған деп ойлаймын. Бойымыздағы теріс қалыптасып кеткен әрекеттердің барлығын осылай жаңғыру арқылы жоя аламыз. Бұл – ұрпақ үшін маңызды. Мен бұл мақаланы екі тұрғыдан қарастырып отырмын. Біріншісі – біздің ішкі әлемімізге қатысты, екіншісі – қазақтың кім екенін, бай мәдениет пен тарихтың, рухани құндылықтардың біздің елден бастау алғанын өзге елдерге таныту. Осы екі бағытта қозғаушы күшке ие тетік. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы да, бұл мақала да алаулаған-жалаулаған, ұрандаған даңғазалыққа салынбай, шын мәнінде нәтижеге негізделіп жүзеге асса, біраз жақсылыққа қол жеткізуге болады. Археолог Андрей Астафьев айтқандай, бұл мақаладағы әрбір бөлімге біздің Маңғыстау даласы барлық жағынан сұранып тұр. Мысалы, жылқыға байланысты айтайын. Адай жылқысын зерттеу, таныту бағытында бірқатар шаруалар қолға алынды, бірақ өз деңгейінде емес. Адай жылқысына өз алдына жекеше жұмыс жүргізілуі керек. Сонымен қатар суда мекендейтін Суын айғырды да Маңғыстаудың негізгі символдарының біріне айналдыруға болады. Осының өзі үлкен зерттеуді қажет етеді. Қару-жарақтарымыз туралы да айтылыпты. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисі арқылы өңіріміздегі әскери бөлімдерде сабақтар жүргізіліп жатыр. Осыны кең көлемде насихаттап, басқа да бағыттарды қамту керек деп білемін. Сондай-ақ мақалада сөз болған Маңғыстаудағы аң стилі – тастағы таңбалар. Оларды сөйлетуіміз керек. Ол – біздің өткеніміз, қорегіміз. Металлургия дегенде, кезінде Тетис мұхитының түбі ретінде Маңғыстауда қазба байлықтар шөгіп қалған. Көктемде Тұщықұдық жерінен табылған құмыраға қарап Маңғыстауда оны өндіретін металлургия, сол кезеңдерде құмыра жасайтын кәсіпорын дамыды деген жорамалдар жасауға болады. Алдымызда осының бәрін зерттеу жұмыстары тұр», - дейді Гүлайым Шынтемірқызы.
«7 жылға созылатын «Архив-2025» тармағына үлкен үміт артамыз. Архивтік материал өте қажет дүние. Сонау антикалық кезеңнен күні бүгінге дейінгі кезеңді жинақтап, жариялап қана қоймай, интернет бетіне, кез келген адам оқи алатын дәрежеге жеткізу қажет. «Түркі әлемінің генезисі» деген тармағы өзіме жақын дүние. Өзім түркітану саласын жақсы көремін. Маңғыстау түркі әлемінің қара шаңырағына бірден-бір үміткер деуге болады. «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» деген тармаққа да ерекше тоқталғым келіп отыр. Руханияттың ордасы – музей қасиетті нәрсе. Облыста «Әбіш әлемі» атты зерттеу орталығын ашу, жалпы Арал-Каспий мәдениетін көтеру көптен айтылып келеді. Бұл мақаладан соң көптеген ойда жүрген мәселелер шешімін табады деген үміттеміз. Енді мұның бәрі науқан болып қана қоймай, аяғына дейін, үтір-нүктесіне дейін жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді», - дегенді айтты түркітанушы, геолог Бекболат Төлегенұлы.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66075,66076,66074,66073,66077"]