Халықаралық Еуропа қауымдастығының «The big progress» ғылыми жобалар байқауының ІІ дәрежелі жүлдесі маңғыстаулық оқушыға бұйырды. Жобасын Парижге жолдап, жүлдеге іліккен Дана Есбергенова Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сыныбында оқиды. Бала күнінен алғыр, белсенді оқушыға мектебі мен ұстаздарының қолдауы сеп болып, ғылыми жобасын әзірледі. Француздардың көңілінен шыққан жұмыс Маңғыстаудағы Қаракөл көліне бақылау мұнарасын орнату жайлы екен. Дананың жеңісі туралы ақпарды естіген соң, өзімен әрі жұмысымен толығырақ таныспаққа зияткерлік мектепке беттедік. Кеңірек оқушының өзі мен оның жетекшілері айтып берді.
Бұл қандай жоба?
Дана Маңғыстаудағы жасанды Қаракөлге айналаның, құстардың қауіпсіздігін бақылайтын қос мұнара орнатуды ұсынған. «Қаракөл арна арқылы Каспий теңізімен байланысып жатыр. Оның температурасы Каспийге қарағанда жоғары. Көлді Үстірт қорығының инспекторлары бақылайды. Бірақ күзет қызметі барлық аумақты қарап шыға алмайтындықтан, заңсыздықтар болып жатса, байқамай қалуы мүмкін. Сондай-ақ онда келген демалушылар, броконьерлер қалдық, қоқыстарды тастайды. Сондықтан ғылыми жетекшіммен бірлесе отырып, «құстарды бақылау» туризмін қалыптастырғымыз келді», - дейді Дана. 1964 жылы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі халық тұтыну үшін теңіз суын тұшыта бастады. Яғни бұл жасанды су қоймасының салынғанына да 50 жылдан асты. Көлдің тереңдігі 0,5-1,5 метрдей, ені 1-3 шақырым болса, ұзындығы – 17 шақырым.Жобаның мақсаты қандай?
Жоба авторы бұл арқылы Қаракөл көлін қорғаудың баламалы әдісін ұсыну мен экотуризмді дамытуды көздеген. «Кішкентай күнімізде ағаш жапырақтарын жұлып алып ойнасақ, мұғалімдеріміз олай жасамау керектігін айтатын. Біз «онда тұрған не бар?» дегендей ойда едік. Сол арқылы табиғатқа зиян келтіріп жатқанымызды түсінбеппіз. Сондықтан бала күннен оны санамызға қалыптастыруымыз қажет. Қазір біздің ғаламшарымыз бар болғаны 100 жыл ішінде өте қатты өзгеріске ұшыраған. Оған дейін бұлай өзгерген емес. Қазір бұған көңіл аударып, аз-аздан болса да қамқорлық жасауымыз қажет», - дейді өзі. Дана Есбергенова кітап оқығанды, детектив жанрындағы фильмдер көргенді ұнатады. Табиғатқа деген сүйіспеншілігі оны экология саласына қызықтырған. Далада, теңіз жағалауында серуендегенді сүйетін оны көшедегі үйсіз ит, мысық та жабырқатады. Өзі әдемілік символына балайтын құстарды қорғау үшін де дәл осы жобасын бастапты.Идея қалай пайда болды?
«Дана – дарынды оқушылардың бірі. Табиғатқа жаны ашитын, айналаға деген сүйіспеншілігі мол бала. Ғылыми жобаны конкурc үшін жасап жүрген жоқ. Жыл сайын қаңтар айының соңына таман өтетін халықаралық «Құстар санағына» мектебіміздің оқушылары да белсене қатысып, аймақтарға ұшып-қонып жүретін құстарды санайды. Біз де балалардың танымын кеңейту, табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында Қаракөлге апарамыз. Солай барып жүргенімізде Дананың көлге деген қызығушылығы артты», - дейді жетекшісі әрі НЗМ директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Өміррханқызы. Көл маңына сенбілік ұйымдастырып, тазалау да мектеп оқушыларының дәстүрлі ісіне айналыпты. Табиғат аясында көңілді ойын ойнап, судың құрамы мен ылғалдылығын, қышқылдылығын да зерттеп қайтқан. «Дананың жұмысы былтырғы оқу жылында мектепішілік ғылыми жобалар байқауына қатысты, одан соң Мәскеуге де ұсындық. Бірақ оған үлгермей қалғандықтан, ғаламтордан халықаралық байқауларды өзіміз іздей бастадық. Сөйтіп Париждегі Еуропа қауымдастығына жұмысымызды жібердік. Екі аптадан кейін екінші орын иеленгеніміз туралы жауап келді», - деген Бақытгүл апайы саяси мәселелерге байланысты марапаттау рәсіміне бара алмағандарын жеткізді. «Жаңа жыл қарсаңында марапаттауға баруымыз керек еді. Бірақ сол кезде Францияда көтеріліс болып, біз бас тарттық. Дипломды электронды түрде жіберді. Жылына екі рет өтетін конкурс екен, енді Ницца қаласына жаздағы марапаттауға барғалы отырмыз», - дейді ол. Дана мен оның апайы жобаны конкурс үшін емес, өз сүйіспеншіліктерімен жасағанын айтады. «Былтыр барғанымда «Неге біз көлді айналып, ана шетіне бір, мына шетіне бір жүреміз? Аяғың батпақ болады, шаршайсың. Неге бақылау мұнарасын жасамасқа?» деген ой келді. Әділбек Мұстажапұлы мен Дана мені қолдап, зерттеуді бастап кеттік. Басқа көлдердегі осындай мұнараларды анықтап, оны қалай, қандай материалдан жасау керектігін білдік. Ағаштан жасасаң өртену қаупі болғандықтан, темірден жасау қажеттігін ұсындық. Әзірге екі мұнара орнатуды жоспарлап отырмыз», - дейді жетекші. Қаракөлді бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген ғалым Әділбек Қозыбақов Дананың жобасына қолдау білдіріп, маман ретінде көмегін көрсеткен. «Қаракөл 1964 жылы пайда бола бастаған. Жылдар өте құстар келді. Жыл құстары көктемде және күзде көл үстінен өтеді де кейбірі қыстауға қалып қояды. Мұнда аққудың 3 түрі кездеседі. Ең көбі – сыбырлақ аққу. Кей жылдары бір уақытта 14500-дей аққу көрдім, көлдің беті аппақ болып тұрды. Ал кей күні барсаң, әр жерден 10-20 аққу ғана көресің. Ол не себепті? Каспий теңізінен солтүстікте Түпқараған ауданы тұсындағы итбалық аралдарында құстарға жақсы жағдай бар. Ол жерге адам бара алмайды әрі теңіздің іші болғандықтан, суы салқын. Ол су қатқан кезде құстар Қаракөлге келеді. Яғни қатты аязда оларды осы көлден таба аламыз», - дейді Ә.Қозыбақов. Қаракөлдегі туризм дамыса, «Ақтауда қыста баратын теңізден басқа жер жоқ» деген көпшілік ойына да өзгеріс енер еді деген ойда ғалым. Айта кетейік, көлге бір жыл ішінде 170-тен астам құс түрі келеді. Оның 22 түрі Қызыл кітапқа енген.Жоба қашан жүзеге асады?
Оқушының ұсынысын облыс әкімдігі құптаған. Әкімдікте өткен жиында жұмыс жоспары жасақталып, мамырға дейін көл маңына мұнараларды орнату тапсырылған. Мұнараны тұрғызу үшін әрқайсысына 2,5 млн теңгеден 5 млн теңге жұмсалмақ. Одан бөлек кем дегенде екі бақылау құрылғысы, сегіз дүрбі керек. Оларға 1,5 млн, яғни бастапқы кезде жалпы сомасы 6,5 млн теңге қаржы қажет. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінде металлқұрастырылым жасайтын цех бар екен. Руслан Сакеев оларға өтініш білдіріп, мұнара жасауды ұсынды. Жиын соңында жұмыс тобы құрылатын болып шешілді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсатынсыз Қаракөл аймағында ештеңе жасай алмаймыз. Үстірт қорығы оған келісім алып беретінін айтты. Жалпы жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады», - дейді Ә.Қозыбақов.Құстарды үркітіп алмаймыз ба?
«Мұнара орнатып, дүрбілер қойылған соң келушілер саны артып, құстарды үркітіп алмаймыз ба?» деген сауал туындайды. «Ол жерде жаппай броконьерлік болмағанымен, арасында құстарды атып тұратыны жасырын емес. Бірақ бұл жобамыз орындалып, туристер жиі баратын болса, мұндай жағдай болмайды. Сонда бірте-бірте құстар да үрікпейді. Мәселен, Бекет ата мешітіне барғанда арқарларды байқаймыз, адамнан қашпайды. Ал Үстірт қорығына барсаңыз, ондағылар үркеді. Осының өзі аң атудың қай жерде болатындығының көрсеткіші, бұл - әлемде мойындалған құбылыс», - дегенді айтты биолог Әділбек Мұстажапұлы.Сонымен қатар...
Мұнараны жабдықтау үшін әлі де демеуші қажет. Себебі мұнараның өзін ғана орнату келісілген. Одан бөлек, қаржы болса, жоба авторлары бейнебақылау қоюды да көздеп отыр. Бақылау күшейсе, табиғатқа зиян келтірушілер, құстарға қастық қылушылар қатары азаяр еді деген үміті бар. «Болашақта «Сая» демалыс базасы аумағынан сулы-батпақты орталық ашқымыз келеді. Онда келген демалушылар мұнарадан айналаны, көл табиғатын, құстарды бақылай алады. Бұл адамдардың қоршаған ортаны құрметтеуіне, ұқыппен қарауына әсер етер еді. Біз жобамыз арқылы туризмді дамытып қана қоймай, құстарды броконьерлерден қорғаймыз және инспектор жұмыстарын жеңілдетеміз», - деген Дананың ойын Ә.Қозыбақов та құптап отыр. «Ол орталықты «Сая» демалыс аймағынан ашсақ, бізге де, оларға да тиімді болар еді. Құстарды бақылаушылар клубы құрылса деген де идеямыз бар. Клубқа құсқа қызығушы кез келген адам мүше бола алады. Сондай-ақ онда құстар туралы ақпарат жазылған тақтайшалар орнатылады. Яғни солар арқылы танысып, көлге келіп құстарды тамашалайды», - дейді ол. Сулы-батпақты орталық дүниежүзінде алғаш рет 1947 жылы құрылған екен. Қазіргі уақытқа дейін 100-ден астамы бар. Егер идея жүзеге асса, ол – еліміздегі ең алғашқы сулы-батпақты орталық болмақ. «Өнеркәсіп қоршаған ортаға тек зиян» деген стереотипті бұзғымыз келеді. Сондай-ақ көлдің деңгейі төмендегенін байқадық, соның себебін анықтағымыз келеді. Қаракөлдің температурасын өлшегенде жағаларына мұз қатқанын көрдік. Мұндай құбылысты алғаш байқауым», - деді Б.Өмірханқызы. Айта кету керек, Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде соңғы 3 жыл ішінде 77 оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда жеңімпаз атанған. 20-дан аса алтын, 30-дан аса күміс медаль иеленген.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазба авторы Рысгүл РАМАЗАНОВА
https://www.youtube.com/watch?v=VoRoOah-LjA&feature=youtu.be